Бибігүл Жексенбай: Биылғы Жолдау халық күткендей әлеуметтік мәселелерді қамтыды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бибігүл Жексенбай: Биылғы Жолдау халық күткендей әлеуметтік мәселелерді қамтыды
ашық дереккөз

«Дүниежүзін шарпыған індет қазақстандықтарды да есеңгіретіп кеткені жасырын емес. Сондықтан әлеуметтік бағыттағы мәселелер толықтай болмаса да барынша қамтылғаны қуантады. Соның ішінде дәрігерлер еңбегінің ерекше бағалануы өте орынды екені пандемия кезеңінде анық көрінді. Сонымен қатар тұрғын үймен қамтамасыз ету – ерекше көңіл бөлетін жағдай. Әсіресе ауыл жұртын баспанамен қамтамасыз ету ісіне бұл Жолдауда ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл әлеуметтік жағынан өте маңызды мәселе. Бүгінге дейін қалаларда үй салынып, түрлі жеңілдіктер берілгенмен, ауыл азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінбеген. Ауылды көтеруіміз керек, ол жаққа жастарымыз бару керек дегенімізбен инфрақұрылым ісіне, жастарды баспанамен қамтамасыз етуге тиісті деңгейде мән берілмеген. Осы проблеманың Жолдауда айтылуы қуантады», - дейді Бибігүл Жексенбай.

Сөз арасында ол әлеуметтік кодекстің қозғалуы ерекше жайт екенін айрықша атап өтті. «Өзім айрықша айтқым келетіні - «Аңсаған сәби» бағдарламасының қолға алынуы қуантып отыр. Бұл іс бүкіл дүниежүзінде проблема ретінде көтеріліп жүр. Көптеген ұлт халқы санының азаюынан жойылып кету алдында тұр. БҰҰ-ның және Мемлекет басшысының айтып өткеніндей, болжам бойынша Қазақстан да осындай қауіпке ілігуі мүмкін мемлекеттердің қатарында. Сондықтан «Аңсаған сәби» бағдарламасына көңіл бөлініп, қомақты қаржы аударылуы қатты қуантады. Мұны халыққа жақсылап түсіндіру қажет. Сәби сүйе алмаған отбасылардың шаңырақтары шайқалып жататыны рас», - деді Бас редакторлар клубының президенті. Сөзін жалғай отырып, пандемия кезінде білім саласының маңызды екені байқалғанын қозғап өтті. «Білім саласына, мұғалімдердің еңбегіне ерекше көңіл бөлінуі керектігін сезіндік. Ең бірінші халықтың сауаттылығы ұстаздардың еңбегіне тікелей байланысты екенін көрсетіп отыр. Жолдауда бұл мәселенің тыс қалмауы өте орынды. Биылғы Жолдау халық күткендей әлеуметтік мәселелерді қамтып өтті деген ойдамын. Оның бәрін тиісті деңгейде түсіндіру, оны бірлесе іске асыруға атсалысу сіз бен біздің мойнымызда. Қазір тек қана Үкіметтен үміт күтетін заман жоқ екенін өмір көрсетіп отыр. Бірлесе жұмыс істеу керек. Қоғам, адам, мемлекет. Осы үш бағыттың бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесінде ғана нақты бір жетістікке жетеріміз сөзсіз», - деп Бас редакторлар клубының президенті ойын аяқтады.