«Астана Опера» театрының VIII маусымы ашылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Астана Опера» театрының VIII маусымы ашылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172115427838020142.webp)
«Астана Опера» театры «Опералық классикаға саяхат» атты ғаламат гала-концертімен өзінің VIII маусымын ашты. Мазмұнды бағдарламаны ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес әзірге тек 50 адам тамашалап, бағалай алды, деп хабарлайды Елорда Инфо театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Концертке сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова келді.
Дирижерлік тұғырда – әлемнің көптеген елдеріне әйгілі маэстро, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев. Концерт алдында ол театрдың тартымды да қызықты бағдарлама әзірлегенін және оған негізгі репертуардағы «Абай», «Дон Карлос», «Тоска», «Мадам Баттерфляй», «Севильдік шаштараз» сынды опералардан көріністер мен ариялар енгізілгенін айтқан болатын.
Екі күн өткен концертке театрдың түгел дерлік солистері, хор әртістері, оркестр музыканттары мен миманс қатысты.
- Барлығы асқан құлшыныспен, зор қуанышпен жұмысқа кірісе кетті, бәрі де жұмысын сағынған. Өнерімізді көрермен қауымға сыйлағымыз келеді. Ұлы Абайдың 175 жылдығында бағдарламаға А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсынан көріністерді енгіздік, - деп атап өтті маэстро.
Көрермендер өздері болмаған кезде театрда орын алған өзгерістерді мұқият қарауда: фойенің барлық жерінде санитайзерлер орнатылған, залдағы креслолар шахмат тәртібінде орналасқан.
Өзгерістер оркестр музыканттарының отыру ретіне де әсер еткен, санитарлық нормаларға сәйкес аспапшылар бір-бірінен бір жарым метр қашықтықта жайғасқан. Мұндай арақашықтықта музыканттардың мінсіз ансамблін жасау қиын, дегенмен әртістер бұл тапсырманы керемет орындап шықты.
18-19 қыркүйек күндері сахна төрінде жарқыраған театрдың опера солистері – Майра Мұхамедқызы, Жұпар Ғабдуллина, Дина Хамзина, Айгүл Ниязова, Альфия Каримова, Айзада Қапонова, Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Жан Тапин, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Меир Байнеш, Ержан Саипов, Елена Ганжа, Татьяна Вицинская, Жамиля Джаркимбаева, Гүлжанат Сапақова, Бибігүл Жанұзақ, Мәдина Исламова, Салтанат Мұратбекова, Назым Сағынтай, Ерұлан Кәмел, Бейімбет Таңарықов және т.б. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Концерт режиссері – Еренбақ Тойкенов.
![Елордалық әкелер одағы ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173919538225400543.webp)
![Елордадан бір түнде 26 мың текше метр қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173918064015040259.webp)
![Астаналық ұстаз пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173917557236848047.webp)
![«Таза Қазақстан»: Елордада «Менің аулам» челленджі басталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173916829040935544.webp)