Елордада екі супермаркетке алыпсатарлық үшін айыппұл салынды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада екі супермаркетке алыпсатарлық үшін айыппұл салынды
ашық дереккөз

Олар кейбір бірінші қажеттіліктегі азық-түлікті 60 теңгеден аса қымбаттатқан, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап. Прокуратура, әкімдік және мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінен құрылған шұғыл топтар барлық сауда нысанын күнделікті аралауда. Мақсат – дүкендер мен супермаркеттердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын сақтауын қадағалау. Осылайша, кезекті тексеру кезінде екі супермаркетте «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрықтың ережелері бұзылып, бағаның қымбаттауы анықталды. Атап айтқанда, шекті бағасы 197 теңгеден аспауы тиіс 1-ші сортты ұн килограмы 230 теңгеден сатылған. Ал шекті бағасы 307 теңгелік күріш – 1 кг үшін 371 теңгеден, шекті бағасы 481 теңгелік күнбағыс майы – 505 теңгеден сатылған. Алматы ауданы әкімдігі ұсынған деректер негізінде 14 сәуір күні сауда субъектілеріне қатысты ҚР ӘҚБК 202-бабының 1-бөліміне сәйкес, «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерінің артуы» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. 100 АЕК немесе 277 800 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.