Жүзге жуық арнайы техника екі ауысымда елорда аумағынан қоқыс шығаруда

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жүзге жуық арнайы техника екі ауысымда елорда аумағынан қоқыс шығаруда
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан аумағы 19 учаскеге бөлінген. Онда 2 815 контейнер алаңы ашылып, 17 601 контейнер қойылған, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. «Қоқыс шығаруға 98 арнайы техника жұмылдырылды. «КамАЗ» маркалы 70 қоқыс тасушы көлік дымқыл қалдық жинауға арналған жасыл әрі металл контейнерлерге, «Ивеко» маркалы 25 қоқыс тасушы құрғақ қалдыққа арналған сары контейнерлерге, кранды манипуляторлы қондырғылармен жабдықталған 3 қоқыс тасушы тереңдетілген контейнерлерге бөлінген», – дейді қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Алмас Советханұлы. Нұр-Сұлтан қаласы аумағынан коммуналдық қалдықтарды жинау әрі шығару қызметімен «CleanCity NC» ЖШС айналысады. Қоқыс шығару екі ауысымда жүзеге асады. Бірінші ауысым – таңғы 6:00-ден 14:00-ге дейін, екінші ауысым – сағат 14:00-ден 22:00-ге дейін. Қалдықтар шығарылғаннан кейін, контейнер орналасқан аумақта дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. «CleanCityNC» ЖШС 55 қоқыс таситын көлік пен 8276 контейнер сатып алуға инвестиция салды. Сондай-ақ, қала аумағында 182 тереңдетілген контейнер қойылған. Оларға кранды манипуляторлы қондырғымен жабдықталған 3 қоқыс тасығыш қызмет көрсетеді. Көлемі 5 текше метр контейнердің артықшылығы – 5 стандартты контейнерді алмастыра алады. Бұған қоса, гигиеналық, эстетикалық және тиімділік жағынан құрылысы көп аудандарда пайдалануға ыңғайлы.