Нұр-Сұлтандық коммуналдық қызметкерлер тұрғындарға үндеу жолдады
Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық қызметкерлері тұрғындарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жыл сайын көктем келісімен коммуналдық қызметкерлер тазалық жұмыстарын жүргізеді. Олар қала көшелері мен жолдарын, тұрғын үй орамдарын тазалайды. Жұмысқа 1 мыңнан аса маман жұмылдырылады. Карантин аяқталғаннан кейін жалпықалалық сенбіліктер басталады. Бүгінде қаланың барлық аудандарында көшелерді, көпірлерді, қоршауларды, жол белгілерін және т.б. тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Коммуналдық қызметкерлер кеуіп қалған бұтақтарды кесу жұмыстарына, гүлзарлар мен шағын сәулет нысандарын, балалар алаңдарын абаттандыру жұмыстарымен айналысуда. [caption id="attachment_7887" align="alignnone" width="696"] Фото Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен[/caption] Алайда коммуналдық қызметкерлерге қоқыс тастайтындармен де күресуге тура келеді. Белгіленбеген орынға қоқыс тастағаны үшін тәртіпбұзушылар жауапкершілікке тартылады. "Біз қаланы өзгертіп жатқанымызды көріп қуанамыз. Елордамыз жыл сайын көркейіп келеді. Әрбір отырғызылған ағаш есімізде. Адамдар үйлерінен шыққан кезде қаланың таза тұруы үшін таңертеңнен бастап тынбай еңбектенеміз. Бірақ өкінішке қарай, біздің еңбегімізді бағаламайтын адамдар да бар. Адамдар бізді көре тұра, қоқысты жәшікке тастамай, біздің аяқ астымызға лақтырып кеткен жағдайлар да болды. Бұл өте өкінішті. Қуантатыны мұндай адамдар аз. Біздің еңбегімізді бағалап, құрметтегенін қалаймыз", - деді коммуналдық қызмет өкілдері. Айта кетсек, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасына сәйкес, карантин кезінде жұмыс атқарып жатқан коммуналдық қызметкерлерге сыйақы беріледі. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап олардың жалақысы өскен болатын.