Запастағы подполковник: Ер-жігіттің міндеті деген сөздердің сынға түсер сәті келді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Запастағы подполковник: Ер-жігіттің міндеті деген сөздердің сынға түсер сәті келді
ашық дереккөз

Запастағы подполковник, әскери журналист Мұхарбек Махамбет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлығына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Кез келген облыста аумақтық қорғаныстың штабы бар. Жиын өткізіп, жауынгерлік дайындығына қанша уақытта жиын өткізе алатынын Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен облыс әкімдігі бірлесіп шешеді», - деп қысқа мерзімді әскерге шақыру жолын түсіндіріп берді. Ол сөз арасында Американың кез келген штатында ұлттық ұлан бар екенін айтып, апаттар, табиғи жағдай болып, эпидемия тарала қалған жағдайда жұмылдыратынын мысал етіп өтті. «Әрине отставкаға кеткендерді шақырмайды. Жас ерекшеліктеріне қарай запастағы әскерилер жұмылдырылады. Оларды бірнеше ай мерзімге жинап әскери дайындықтан өткізеді. Әр елдегі тәжірибе бойынша олардың жұмыс орны да, тіпті жалақысы да сақталады. Алда-жалда мені шақырып жатса, қуана-қуана барамын. Төтенше жағдай кезінде мұндай шаралар керек. Егер шақыру келіп жатса, бару керек. Әшейінде айтатын азаматтық борыш, ер-жігіттің міндеті деген сөздердің сынға түсер сәті», - деп ойын аяқтады.