Астанада балаларды алдаған «балгер» әйел 600 мың теңге мен әшекей бұйымдарды қолды еткен

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада балаларды алдаған «балгер» әйел 600 мың теңге мен әшекей бұйымдарды қолды еткен
ашық дереккөз

Елордалық полицейлер дуадан арылтамын деп, балалардың әшекей бұйымдары мен ақшасын алдап алған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Елорда Инфо Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы кезінде алаяқтық жасағаны үшін 31 жастағы әйел қолға түсті. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласында кәмелетке толмаған балалардың жанына келіп, өзін «балгермін» деп таныстырған. Ол ата-аналарың мен туыстарыңды дуадан тазартамын деп алдап, балаларға үйден ақша немесе әшекей бұйымдарды алып шығуды сұраған. Осылайша ол үш баланы алдап, 600 мың теңге мен алтын бұйымдарды иеленіп алған. Әшекей бұйымдарды ломбардқа тапсырып үлгерген. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты алаяқтықтың 3 дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұрынырақ азаматша алаяқтық үшін бірнеше рет сотталған. Ол Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы әйелден зардап шеккен басқа да азаматтар болса, Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» аудандық полиция басқармасына немесе төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласу керек: 8 (7172) 71-65-57, 71-65-58; 8-778-994-02-02; 8-702-348-31-90 немесе «102».