С.Қисықова: Күн сайын ауруханаларға орта есеппен 500 адам пневмониямен түсіп жатыр
Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова астанада коронавирус инфекциясымен жатқан науқастар жайлы, сол сияқты пневмониямен ауырғандар жайлы айтып өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Таңертең жұқпалы және уақытша ауруханаларда адамдар саны 1 711-ді құрады. Бұл оның орын сыйымдылығының 90 пайызы. Оның ішінде 80 адам реанимация бөлімінде жатыр, ал өкпесіне жасанды желдету орнатылған адам саны төрт есе артты. Олардың 91 пайызы орташа ауырлық дәрежесінде, 9 пайызы ауыр және өте ауыр. Олар дереу реанимация бөліміне түседі», - дейді С.Қисықова. Басқарма басшысы сөз арасында пневмония көрсеткіші жыл басынан бері 100 есе артқанын мәлім етті. «Бұл ретте егер жыл басында күніне орта есеппен пневмониямен 5 пациент келіп түссе, маусым айынан бастап күн сайын орта есеппен 500 адамдай түсіп жатыр. Оның ішінде вирусты пневмониямен әрбір екіншісі анықталуда. Оның 90 пайызы орта ауыр және ауыр күйде түседі», - дейді Сәуле Қисықова.