ҰБТ кезінде карантиндік талаптар қалай сақталады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
ҰБТ кезінде карантиндік талаптар қалай сақталады
ашық дереккөз

Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мектеп түрлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегі карантиндік шаралар барысымен таныстырып өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Ғимаратқа кіргізу кезінде талапкерлердің арасында 2 метрлік арақашықтық қатаң сақталады, маска болуы міндетті. Әрқайсысы 5 бақылау кезеңінен өтетін болады. Оның ішінде сыртқы киімдерді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы тоннель арқылы өту. Екіншіден, тест тапсырушы аяқ киімін арнайы төсенішпен дезинфекциялайды. Одан кейін қолын санитайзермен өңдейді. Келесі кезеңде термобақылаудан өтуі тиіс», - дейді орталық директоры. Ол сөз арасында дене қызуы анықталған жағдайда оған кезекші медициналық қызметкерлерінің бригадасы шұғыл көмек көрсететінін мәлім етті. «Келесі әрекет мамандардың талаптарына сай орындалады. Әр пункте қалыптан тыс жағдайларға арналған қосалқы аудиториялар қарастырылған. Барлық медициналық-санитарлық кезеңдерден өткеннен кейін талапкерге респираторлық немесе бір рет қолданылатын маскалар ұсынылады. Бір рет қолданылатын маскаларды тестілеу барысында ауыстыруға мүмкіндік қарастырылған», - дейді ол. Бұған қоса тексеруші мен тест тапсырушы арасында да арақашықтық болатынын ерекше атап өтті. «Талапкер сәйкестендіруден өтерде арақашықтық сақталады. Әр қабаттағы дәліздерде санитайзерлер орнатылады. Заттардың бетіне қол тигізу барынша болдырмау үшін дәліздер мен аудиторияларда барлық есіктер ашық болады. Аудитория үнемі желдетіліп отырады», - дейді Дидар Смағұлов.