Симптомы бар науқастарға көбірек көңіл бөлінеді – Сәуле Қисықова
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылардың статистикасы жеке жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «3 маусымнан бастап инфекция белгілері бар, бірақ клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар жөніндегі статистика жеке жүргізіледі. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус жұқтырғандардың 60 пайызы клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушылар болып саналады. Осыған қатысты іс-шара ұтымды және уақтылы көмек көрсету үшін жасалып отыр. Симптомы бар науқастарға көбірек көңіл бөлінеді. Клиникалық белгілері жоқ науқастар да назардан тыс қалмайды. Оларға үй карантиніндегі нұсқаулықтар беріліп, науқастардың жағдайын жіті қадағалап, мамандар күн сайын қоңырау шалып отырады. Клиникалық белгілері пайда болған жағдайда олар қаладағы арнайы ауруханаларға жеткізіліп, тексерістен өткізіледі. Өкпелерін рентгенге немесе компьютерлік томографияға түсіреді. Соның нәтижесі бойынша ем-шара жүргізіледі», – деді С.Қисықова.