Студенттер Қордайдағы дүнгендерге мемлекеттік тілді оқытады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Студенттер Қордайдағы дүнгендерге мемлекеттік тілді оқытады
ашық дереккөз

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қызметкерлері Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында кәсіби бағдар жұмысын жүргізді, деп хабарлайды Елорда Инфо оқу орнының баспасөз және қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап. Сортөбе ауылында «Тілдер саябағы» жазғы лагері ашылды. Аталған елді мекеннің Мәдениет үйінде жұмыс істейтін әлеуметтік жобаның ашылуына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Мұнда жергілікті тұрғындарға мемлекеттік және шет тілдері оқытылады. Аймақ басшысы игілікті іске мұрындық болғандарға алғысын білдіріп, тұрғындарға мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын еске салды. «Егер ата-аналар балаларымен қазақша сөйлессе, балалар тез тіл үйренеді. Мемлекеттік тілмен қатар бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін басқа да шет тілдерін білу керек. Біздің міндетіміз – жастарға лайықты білім беріп, бірнеше тілді меңгеруіне жағдай жасау. Осындай жұмысты басқа ауылдарда да ұйымдастыру керек», – деді Бердібек Сапарбаев. Әлеуметтік жоба жетекшісі Бақнұр Зиябековтің айтуынша, бүгінде лагерде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалармен қатар ересектер де бар. Ашық аспан астындағы шаралар аптасына үш рет өткізіледі. Ауыл тұрғындарына Назарбаев Университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері сабақ береді.