Жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 600-ден астам адам жұмысқа орналастырылады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 600-ден астам адам жұмысқа орналастырылады
ашық дереккөз

«Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын жұмысқа орналастыру орталығының» директоры Бақытбек Қабжанов орталықтың міндеттерін айта отырып, жұмыссыздықты азайту үшін қанша адамды қызметке орналастыру жоспарланып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. Ол сөз басында «Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын жұмысқа орналастыру орталығының» жұмысы жайлы қысқаша айта отырып, негізгі міндеті азаматтарға мемлекеттік қызметтер, жұмыссыздарды әлеуметтік қамсыздандыру секілді бірнеше түрін қозғап өтті. Сол сияқты орталық қазір «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырып жатқанын мәлім етті. «Қысқаша айтар болсам, «Жұмыспен қамту жол картасы» инфрақұрылымдық жобаларды қарастырады. Бұл бағдарламаның аясында Жұмыспен қамту орталығы инфрақұрылымдық жобаларға, яғни құрылыс, жөндеу жұмыстарына, аулаларды абаттандыру, сондай-ақ қаланы көгалдандыру салаларына жұмысқа орналастырады», - деді Бақытбек Қабжанов. Сөз арасында осыған дейін қанша адам жұмысқа орналасқанын, әлі қанша жұмыссызды орналастыру жоспарланып отырғанын айтты. «Жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 600-ден астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Басымдық негізінен жұмыссыз жастарға беріледі. Қазіргі уақытта, яғни 8 маусымдағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 410 адамды жұмысқа орналастырдық», - дейді ол. Айтуынша, бұл бағдарламаға қатысуға өтінішті онлайн немесе офлайн түрде беруге болады.