Қазақстандық интернет онлайн білім беруге неліктен дайын емес – Жұмағалиевтің жауабы
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі министрі Асқар Жұмағалиев төтенше жағдай режимі кезінде қазақстандық оқушылардың онлайн білім алуына интернет жүйесі неліктен дайын болмағаны туралы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Интернет жүйесіне түскен күш бұрынғыдан екі есе артты. Байланыс операторлары, барлық ІТ компаниялар түсіп жатқан жүктемені арттыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Байланыс операторлары жүктемені арттырумен қатар біздің қазақстандық ресурстарды тегін пайдалануды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар атқарып жатыр. Бұл бір жағынан байланыс операторларын да шығынға батырады. Дегенмен төтенше жағдай режимі аясында ешнәрсеге қарамастан көмектесіп жатыр», - дейді министр. Асқар Жұмағалиев сөзін жалғай отырып, еліміздегі интернеттің сапасына тоқталып өтті. «Интернеттің сапасына қатысты проблемаға біз ғана емес бүкіл әлем тап болып отыр. Тіпті әлемге әйгілі Netflix компаниясының да жұмысы нашарлап қалды. Себебі, трафик әлдеқайда артып кетті. Қазір жұрттың бәрі үйінде отырғандықтан интернетті жиі пайдаланады», - дейді ол. Сөз арасында Netflix компаниясының жұмысына тоқталып өтті. Айтуынша хабар тарату сапасы HD-ден SD-ге дейін төмендеген. Бұл қазір Еуропада да орын алып жатқанын қозғап өтті. Сонымен қатар, Netflix компаниясына хабарласып, сапасын төмендетіп, өткізу жолын арттыруды сұрағанын ерекше атап өтті.