00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада былтыр 29 бала жаңа отбасын тапты

Астанада былтыр 29 бала жаңа отбасын тапты
ашық дереккөз

Қамсыз, мұңсыз, қызықпен өтетін бақытты балалық шақ кез келген сәби өмірінде үлкен орын алады. Бірақ, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балғын шағында ата-ана жылуынан айырылып, жанары жаутаңдаған балалар сол бақытты сезіне алмайтыны өкінішті. Үкімет қамқорлыққа алғанымен, балалар үйіндегі тәрбиеші ата-ананың аялы алақанын алмастыра алмайды. Елімізде әке-шешесінен айырылған жетімдерден бөлек, қамқоршысы бола тұра назарсыз қалған балалар саны артып келеді. Қоғам мұндай санаттағы балаларды әлеуметтік жетімдер дейді. Ал туған баласын тірі жетімек еткен жауапсыз адамдарды мемлекет заңға сәйкес ата-ана құқығынан айырады.  Елордадағы мамандандырылған балалар үйі бастамасымен былтыр сот шешімімен 2 баланың ата-анасы өз құқықтарынан айырылса, 2 сәбидің ата-аналық құқықтары шектелді. Міне, осындай тастанды балалардың уақытша мекеніне айналған елордадағы балалар үйінде болған Elorda.info тілшісі бөбектердің тыныс-тіршілігін көріп қайтты.

Бүгінде мемлекет қамқорлығына алынған балаларды еліміздегі 23 мекеме тәрбиелейді, онда 3 мыңнан астам бала бар. Ал Астанадағы мамандандырылған балалар үйінде өмірге енді тәй-тәй басқаннан бастап төрт жасқа дейінгі балалар паналайды. Мемлекет қамқорлығына алынған бұл балалар үшін бөбектер үйінде қажетті жағдайдың бәрі жасалған. 1933 жылы ашылған балалар үйінің 90 жылға жуық тарихы бар. Денсаулығында ақауы бар немесе туа біткен кемістігі бар балалар да қабылдана бастағандықтан 1987 жылы мамандандырылған балалар үйі деп атауы өзгертілген. Қазіргі уақытта орталықта 65 сәби бар. Балалар үйінде тек тұл жетім сәбилер ғана емес, сонымен қатар, ата-анасы бар балалар да тәрбиеленуде. Кейбір ата-аналар отбасын асырау мүмкіндігі болмағандықтан балаларын орталыққа әкеледі. Бөбектер үйінің аға тәлімгері Лаура Бурумбаеваның сөзінше, олардың ішінде отбасылық жағдайы түзелген соң балаларын қайта әкететін ата-аналар да бар, ал кейбірі қайтып оралмайды.

Бұл жерге қабылданатын сәбилердің негізгі контингенті – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар.  Олардың көбісінің тіпті жеке басын куәландыратын құжаттары болмайды. Алғашқы күндері біз сәбидің туыстық және әлеуметтік жағдайын тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Баласын уақытша тастаған ата-аналар қайтып келмесе, ата-анасын іздестіреміз, ал одан нәтиже шықпаған жағдайда құзырлы органдарға хабарлаймыз. Бізде одан бөлек күндізгі балабақша типіндегі 2 топ бар. Онда денсаулығында ауытқуы бар балалар да тәрбиеленеді. Басты мақсат – ата-аналарға психологиялық жағдайын жақсартуға, өміріне қажетті қаражат табуға мүмкіндік беру. Ата-аналар таңғы 8.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін баланы бізге тастап кете алады. Мысалы, орталықта такси жүргізуші болып жұмыс істейтін қала тұрғыны бар. Ол күнде баласын бізге қалдырып, өзі күні бойы жұмыс істейді. Кешке баланы алып кетеді,- дейді Лаура Бурунбаева.

Елордада 16 жыл бойы балалар үйінде жұмыс істеп келе жатқан аға тәлімгер балалардың оқу процесіне жауап береді, түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады.

Балалар үйінде сәбидің зейінін ашатын түрлі бұйымдар мен ойын жабдықтары бар. Тірек-қимыл аппараттары бұзылған балалар үшін арнайы құрылғылар да орнатылған. Ең бастысы мамандандырылған қызметкерлер жұмыс істейді. 

2018 жылдың 1 ақпанынан бастап елордалық балалар үйінде тәрбие процесі «Үйдегідей»  бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

Ғалымдардың айтуынша, балалар бір кісіні көре берсе, бауырмалдық сезімі ашылады. Сол кісіні іздеп тұрады. «Үйдегідей»  бағдарламасы бойынша тәрбиешілер бір балаға күнде қамқорлық жасайды. Әдетте мамандар өзара ауыса берсе, бұл жерде тәрбиеші ауыспайды. Бұрынғы жүйеде бір үйдің балалары жасына қарай екі топта болса, қазір біз бөлмейміз, олар бір топта бірге жүреді, - дейді аға тәлімгер.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жағдай жасау мекеме жұмысының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осы тұрғыда орталықтың әлеуметтік педагогі Ольга Дзюбаның сөзінше, мұндағы қызметкерлер балалардың отбасында өмір сүруіне және тәрбиеленуіне қатысты басты құқығын іске асыруға бар күшін салады.

Балалар үйінің әкімшілігі мекеме тәрбиеленушілеріне жәрдемақы ресімдеу бойынша жұмыс жүргізеді. «Қазақстан Отбасы банкі» АҚ-мен өзара жұмыс жүргізу арқылы 3 жыл ішінде балаларға арналған 39 жинақ шоты ресімделді. Әлеуметтік педагог жұмысындағы ерекше бағыт мүгедек балалардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету болып табылады. Біздің мекемеде мүмкіндігі шектеулі 2 бала бар, олар мүгедектік бойынша жәрдемақы алады. Сонымен қатар, бізде 2 баланың ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылды және 2 баланың ата-аналық құқықтары шектелді, - дейді Ольга Дзюба.

Орталықта тастанды балалардың да саны аз емес. Қоғамда сау болса да, еш аяусыз баласын тағдыр тәлкегіне қиып кете баратындар да бар. Былтыр елордадағы балалар үйіне 24 тастанды бала қабылданған. 8 ата-ана баладан бас тартса, 36 бала уақытша қамқорлыққа алынған.

Елімізде 2017 жылдан бастап бала асырап алуға үміткерлер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бірыңғай республикалық дерекқорынан балалар туралы мәлімет ала алады. 2020 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда барлық асырап алушы ата-аналар арнайы ата-аналар мектебінде оқудан өтуі тиіс. 

Елордадағы мамандандырылған  балалар үйінде былтыр 36 бала өз отбасына қайтып оралса, 7 елордалық ата-ана бала асырап алған. Одан бөлек , патронаттық тәрбилеуге 5 адам ниет білдірсе, 17 баланы елордалықтар қамқоршылыққа алған.

Балалардың болашағы оларды өз баласындай көріп кеткен тәрбиешілерді де алаңдатады. Алайда олардың қолынан тек уақытында қамқорлық көрсету ғана келеді. Дегенмен, кейде жанары жаутаңдаған балалар тағдыры  азаматтардың шынайы қамқорлығымен өзгеріп жататынын ұмытпаған игі.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ