Биыл Астана қаласының соты 4200-ден астам істі қарады
Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің cайтына сілтеме жасап.
«2024 жылы Астана қаласының соты 4223 істі қарады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 118 іске көп. Біз әрбір азамат пен кәсіпкердің өз құқықтары мен мүдделерін қолданыстағы заңнама шеңберінде тиімді қорғауына мүмкіндік беруге тырысамыз», - деді Дамир Әбдіғалиев.
Өткен жылы істердің көп бөлігі кеден, салық және мемлекеттік сатып алу салаларындағы дауларға қатысты болды.
Соттың басты міндеттерінің бірі – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) нормаларын түсіндіру.
«Былтыр Астана қаласының соты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және бизнес, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы келісімді нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырды. Жылдың маңызды оқиғаларының бірі Әкімшілік әділет пікірталас клубының отырыстары, зияткерлік меншік, салық және кеден даулары бойынша дөңгелек үстелдер және «ӘРПК: күрделі мәселелер туралы қарапайым тілмен» брошюрасының екінші бөлімін таныстыру болды»,- деді Дамир Әбдіғалиев.