Сұхбатта ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар туралы айтылды
Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында былтырғы жылы елімізде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақыттағы мақсат пен міндеттерді айқындап берді. Өз сөзінің басында Ел Президенті көптеген маңызды оқиғалар орын алғанына, сонымен бірге экономиканың өсуін қамтамасыз етуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды істер атқарылғанына назар аударып, болашақта Үкімет алдында әлі де көптеген маңызды жобалар мен бастамаларды іске асыру бойынша едәуір жұмыс тұрғанын атап өтті. Президент сұхбатына орай Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ретінде жарияланған «Әділетті Қазақстан құру» қағидаты аясындағы реформаларды іске асыру тақырыбы жөнінде тоқталды.
«Әділетті мемлекет - азаматтардың заң алдында тең болуы, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алуы», деді Президент.
Мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі болып табылатын заң мен тәртіп маңызды құндылығы аталып өтті. Әділетті қоғамда заң теңдік пен тәртіптің кепілі болып табылады. Бұл ретте заңның сақталуы жауапкершілікті қабылдауды да білдіреді.
Өз кезегінде Президент Парламент қабылдаған азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңдар туралы атап өтті. Мысалы, әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған заң, есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырушыларға қатысты жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заң, сондай-ақ бұзақылық және вандализм жасаған, біреудің мүлкін қасақана бүлдірген тұлғалар үшін белгіленген жауапкершілік қатаңдату бойынша заң. Тағы бір заңнамалық жаңашылдықтардың бірі - биылғы жылдың шілде айынан бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық сот жұмысы бастау алатын болады.
Сонымен қатар қоғамның бүгінгі күнгі өзекті мәселесі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне де жеке тоқталды.
Елімізде осы дертке байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде құзыретті органдардың бұл бағытта жұмысты жүйелі негізде жүргізіп жатқанын атап өтті.
Жалпы, Мемлекет басшысы атап өткендей алдымызда халықтың үміті мен мүддесін және елімізді дамыту жолындағы басымдықтарды негізге ала отырып, құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар тұр», - деп жазды ол.