Еліміздің алдында ауқымды мәселелер тұр
Кеше «Ana tili» газетіне Президенттің үлкен сұхбаты шықты. Мемлекет басшысы өткен жылды қорытындылап, қоғамды толғандыратын көптеген сұрақтарға ашық әрі жан-жақты жауап берген. Жылдың алғашқы сұхбаты мемлекеттік тілде берілгендігін ұлттық журналистикаға деген қолдау деп қабылдадым, әріптестерім үшін қуандым.
Жаңа жылды мерекелеп жатқан көпшілікті жан-жағына қарататын, алдағы күніне бағдар жасатқызатын, селт еткізетін материал. Президент сұхбаты жайында Сенат депутаты Әсем Рахметова осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Сұхбат көп бағытты қамтыған. Ел экономикасын көтеру бағытындағы атқарылған жұмыстар, қолға алынған шаралар, Парламент пен Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан өзгерістер жайында Президент егжей-тегжейлі жеткізген. Сыртқы саясаттағы Қазақстанның рөлі, халықаралық қатынастар, біздің мемлекеттің қадамдары туралы да біраз айтылған. «Путин неге көп келеді, Қытайдың қызығушылығы, біздің Президент БҰҰ басқарады-мыс» деген әңгімелерді де талдапты. Қаңтар қырғыны, Талғар оқиғасы сияқты мәселелерге де тоқталыпты.
Бұның барлығы Президент пен халық арасындағы ашықтықты көрсетеді. Мемлекет басшысы өз сайлауалды бағдарламасында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету туралы ерекше айтқан болатын. Бүгінгі сұхбат - соның айқын дәлелі.
Өткен жыл өте күрделі жыл болды. Еліміздің он өңірін су алып, тұрғындар абыр-сабыр болды. Осындай кезде мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалды. Бүгінде еліміздің әр өңірінде осындай апаттың алдын алу үшін бөгеттер салынып жатыр.
Еліміздің алдында инфрақұрылымды дамыту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, әлеуметтік бағдарламаларды жетілдіру сияқты ауқымды мәселелер тұр. Президент «Мақсатым - егемендікті және экономиканы нығайту» дейді, осы мақсатқа бірге жетейік», - деп жазды ол.