Астанада санитария-эпидемиология қызметінің өкілдері марапатталды

Астанада санитария-эпидемиология қызметінің өкілдері марапатталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада санитария-эпидемиология қызметі мамандарының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. «Жастар» сарайында өткен шарада сала қызметкерлері мен ардагерлердің еңбегі атап өтіліп, халық денсаулығын қорғаудағы профилактикалық жұмыстың маңызы айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Серікұлы санитария-эпидемиология мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, халық денсаулығын қорғаудағы еңбегіне тоқталды.

«Халық денсаулығы – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Осы бағытта санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының атқарып отырған жұмысы ерекше маңызды. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аурулардың алдын алуға және санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Сондықтан қашанда сіздердің еңбектеріңіз еленуге тиіс», – деді Ерік Мейірханов.

Сондай-ақ іс-шарада сала мамандары сөз сөйлеп, санитария-эпидемиология қызметінің қазіргі міндеттері мен қоғамдағы маңызы туралы пікірлерін білдірді.

Салтанатты жиында салада ұзақ жыл бойы еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарап жүрген бірқатар маман Астана қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен марапатталды.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.