Елордада жаңа мешіт ашылды (ФОТО)
Бүгін Астанада жаңа мешіт ашылды. Оның салтанатты ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
М.Нәрікбаев пен Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан мешіттің ашылуына имамдар мен тұрғындар және қала қонақтары қатысты.
Бүгін - қуанышты күн. Осы қасиетті жұма күні Астана қаласында Алланың жаңа үйі – мешітіміз ашылып отыр. Тұрғындардың иманды болуына, имандылық тәрбиесіне үлкен үлесін қосады деген сенімдеміз. Әлбетте, мешіт тек құлшылық орны емес. Оған қоса, рухани мекен, мәдениеттің орталығы. Бұл – мейірімділік мекені. Мешіт – халықты жинайтын әрі бірлікке ұйытатын орталық.
Бүгін – жұма намазы. Қала тұрғындары жұма намазына келіп жатыр. Бұл халықтың бір-біріне мейірімділігін, сүйіспеншілігін арттырады, - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бұл мешітке Алланың 99 есімінің бірі «Ál-Fattah» деген атау берілді. Бұл сөз «жеңуші», «ашушы» деген мағынаны білдіреді.
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Қайнар Базархан Құран оқыды. Кейін Бас мүфти ҚМДБ атынан мешіт салып берген азаматтарға алғысын айтып, иығына шапан жапты.
Елімізде Алланың үні шығатын, азанның даусы естілетін, таңғы ұйқымыздан оятатын мешіттердің ашылып жатқанына қуаныштымын. Мен осы маңайда тұрамын. Мешіт ашылады дегенді естіген бойда осында жеттім. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді қала тұрғын Төлеубике Мыңжасарова.