00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада жастарға арналған мотивациялық кездесу өтті

31 наурыз, 2023
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Елордада жастарға арналған мотивациялық кездесу өтті
ашық дереккөз

Бүгін елордада алғаш рет «Менің тілім-менің болашағым» атты қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің жастармен мотивациялық кездесуі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom scool мектеп-лицейінде өткен кеш қонағы – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Шапағат медалінің иегері, әнші  Алексей Лодочников. Бір жарым сағатқа созылған кездесу сыр- сұхбат түрінде өтті. Мұнда  тіл жанашыры қазақ тілін қалай үйренгені жайын өз тәжірибесімен бөлісті.

Бүгінгі күні біраз дәрежеге жетуім қазақ тілі мен домбыраның арқасы деп есептеймін.  Мені  көбінесе қазақ халқы қолдайды. Мінеки, осы тіл жайында жастарға өз тарапымнан пайдалы ақпараттарды айтып, мотивация бердім. Бүгінгі оқушылармен кездесу маған ұнады. Қазіргі кезде жастар үшін барлығы жасалған. Еліміздің өркендеуіне үлес қосу үшін жастар өз саласында белгілі бір жетістікке жеткен дарынды әрі белсенді  азаматтармен жиі кездесіп тұруы қажет, - деді Алексей Лодочников.

Бүгінгі кездесуді Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school мектеп-лицейі ұйымдастырды.

 Өзге ұлт өкілінің қазақ тіліне деген жанашырлығы, тілді оқып-үйренуге деген талпынысы жайлы жастардың арасында үгіт-насихат жүргізу мақсатында осындай кеш ұйымдастырдық. Кездесу барысында танымал блогер Алексей Лодочников  арман-тілектері, алға қойған мақсаттары жайында сыр бөлісті. Біздің басты мақсатымыз – елге танымал, республикалық деңгейде біраз дәрежеге жеткен, көрнекті тұлғаларды шақырғымыз келеді, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» КММ басшысы Сәуле Досжанова.

Кездесу барысында авторлық әндер айтылып, өлеңдер оқылды.

Біздің мектепте өзге ұлт өкілдері де білім алады. Сол оқушыларды бүгінгі кездесуге шақырдық. Оларға бүгінгі кездесу жақсы әсер әрі тілді үйренуге мотивация берді. Кездесу барысында орыс, түрік және т.б. ұлт өкілдерінің оқушылары сұрақтарын қазақ тілінде қойды. Олардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығы артты. Өйткені  бүгінгі спикер қазақ тілі арқылы елімізде біраз жетістікке жетуге болатынын ұқтырды, - деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom School мектеп-лицеінің директоры Марс Аблезов.

Алдағы уақытта осындай кездесулерді қаладағы өзге мектептерде өткізу жоспарланып отыр.