Астанаға 118 млрд теңгеден аса инвестиция тартылды – Жеңіс Қасымбек
Астана қаласының дамуы үшін 188 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram-парақшасында жазды.
Қаланың дамуы үшін сол сияқты жеке инвестициялар да тартылуда. Биыл 30-ға жуық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы — 118 млрд теңгеден асады. 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Олар – өнеркәсіп, медицина, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы кәсіпорындар, білім беру саласындағы 5 нысан (мектептер, балабақшалар), логистика саласындағы 4 жоба, спорт кешендері және т.б.
Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен бірге №1 Индустриялық паркте бірқатар кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Олардың қатарында ModeX модульдік үй құрылысы зауыты, мамандандырылған техника құрастыру зауыты, витраждар, терезелер, медициналық жабдықтар, жиһаздар, респираторлар және т.б. Кәсіпорын өкілдерімен бірге №1 индустриялық парк бойынша өзекті мәселелерді талқыладық, – деді ол.
Сондай-ақ қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестицияларды жұмылдыру және инвесторларды қолдау үшін қолайлы жағдайлар жасала беретінін айтты.