Биыл елордада автомобиль көпірі ашылады – Жеңіс Қасымбек
Биыл елордада автомобиль көпірі ашылады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Биыл Тәуелсіздік даңғылында Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін ашамыз. Аталмыш көпірдің құрылыс барысымен таныстым, ол көлік қозғалысын едәуір жылдамтады: Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы аумағы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы және сол жағалау арасында қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Көпір құрылысының қарқынын арттыруды міндеттедім, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ әкім қалада жаңа көшелер салынатынын айтты.
Көлік нөпірін жеңілдету үшін жаңа көшелер салуды, жаңа жолдар ашуды, жаңа көпірлер жобалауды және т.б. жалғастырамыз.Аудандар мен коммуналдық қызметтерге қар күреу жұмысын күшейтуді тапсырдым. Ауа райының құбылмалылығын, оның ішінде температураның төмендеуін ескерер болсақ, қозғалысы қарқынды учаскелердің, әлеуметтік нысандарға кірер жолдардың, тротуарлардың, аялдамалардың және т.б. қарын күреуге ерекше назар аудару қажет, - деді Жеңіс Қасымбек.