Елордада «Жеңімпаз рухы» ұлттық спорт сыйлығын табыстау рәсімі өтті
Бүгін елордада спорт саласындағы жылдың таңдаулы жүлдесі – «Жеңімпаз рухы» ұлттық спорт сыйлығын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.
2022 жыл спорттық жаңалықтарға толы жыл болды. Жыл басы Елена Рыбакинаның жеңісінен басталды. Жақында өткен жасөспірімдер арасында үстел теннисінен әлем чемпионатында қазақстандық Алан Құрманғалиев I орынға ие болды. Бұл - үлкен жетістік. Сондай-ақ XIII қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан түрегеп сырғанаудан Александр Герлиц қола медаль иегері атанды. Бұған дейін мұндай жетістіктер болмаған, - деді Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
Мәдениет және спорт вице-министрінің айтуынша, келесі жылы спортшылар Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайындалады.
Жылдың қорытындысы біздің спортшыларымызды,жаттықтырушыларды, өңірлерді, федерацияларды марапаттау, олардың жұмысын қорытындылау – өте маңызды. Мұндай іс-шаралар жыл сайын өткізіліп жатыр. Биылғы жыл біздің спорт саласына өте жақсы жыл болды. 2023 жылға да үлкен жоспарларымыз бар. Оны қаңтар айында кеңейтілген отырыста жариялаймыз. Баршамызға мәлім, 1,5 жылдан соң ең үлкен дода болады. Бұл – 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындары. Сондықтан келесі жыл Олимпиадаға дайындық жылы болады. Бәріміз бірге қосылып, жеңіске бірге жетейік, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев
Салтанатты кеш барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі үздік спортшылар, бапкерлер, сала мен түрлі мекемелердегі дағы өзге де мамандарды, спорт журналистерін марапаттады.
Барлығы 14 номинация бойынша 20 үміткерге сыйлық бұйырды.
«Жазғы спорт түрлерінен жылдың үздік спортшысы» - Жамила Бақбергенова.
«Қысқы спорт түрлерінен жылдың үздік спортшысы» - Александр Герлиц.
«Жазғы спорт түрлерінен жылдың үздік жаттықтырушысы» - Нұрсұлтан Теміров.
«Қысқы спорт түрлерінен жылдың үздік жаттықтырушысы» - Антон Жданович.
«Үздік спорттық өңір» - Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Темірхан Абылаев.
«Жылдың үздік спорт ұйымы» - Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы
«Жылдың үздік спорт федерациясы» - «Ұлттық конькишілер федерациясы» атқарушы директоры Олжас Бесбаев.
«Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» - Дастан Балабеков.
«Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы» - Самат Сапишев.
«Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» - Ирина Новикова, Елена Галиц.
«Ел үміті» - Алан Құрманғалиев, Евгений Федоров, Мария Бровкова.
«Спортта үздік серпін» - Елена Рыбакина.
«Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері» - Бекжан Адамбеков.
«Жылдың үздік меценаты» - Қайырбек Хамзин.
«Спорттық ойын түрлері бойынша жылдың үздік командасы» - «Қуаныш» волейбол клубы.
«Үздік спорттық жарияланым» - Бек Төлеуов.
«Үздік спорттық телевизиялық репортаж» - Аслан Қаженов.
«Үздік спорттық фоторепортаж» - Ғалым Сүлеймен.
Жамила Бақбергенова спорт саласының үздіктерін анықтайтын «Жеңімпаз рухы» байқауының жазғы спорт түрлерінен «Жылдың үздік спортшысы» номинациясының жеңімпазы атанды.
Өте қуаныштымын. Көңіл-күйім керемет. Осы жыл жемісті жыл болды. Еңбегімізді бағалап жатқанына алғысым шексіз, - деді Жамила Бақбергенова.
Марапаттау кешіне Ескендір Ибрагим, Айдана Меденова, Давид Чарлин, «JUMYR QYLYSH» тобы, Гүлнұр Оразымбетова, Ақтоты Болшова сынды отандық эстрада әртістері қатысып, өнер көрсетті.