ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI коллекциялық монетаcы сатылымға шықты
Қазақстан Ұлттық Банкі «Қазақстанның мешіттері мен шіркеулері» сериясынан ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI және «Сиқырлы нышандар» сериясынан FATIMA QOLY коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI монетасы «Қазақстанның мешіттері мен шіркеулері» сериясын жалғастырады. Монета 2022 жылы есігін айқара ашқан Астана қаласының орталық мешітіне арналған. Монетаның дизайнында мешіттің айшықталған бейнесі және мұсылманша сәлемдесуді білдіретін араб тіліндегі жазу бар.
Монеталар 925 сынамды күмістен дайындалған. Массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1000 теңге, таралымы – бір мың дана.
FATIMA QOLY монетасы – «Сиқырлы нышандар» сериясының алтыншы монетасы. Монетаның дизайнында әртүрлі елдің мәдениетінде белгілі ашық алақан түріндегі қорғаныш тұмарының өрнектеліп айшықталған бейнесі берілген.
Монеталар эмаль жағу және алтын жалату технологиясын қолдану арқылы 925 сынамды күмістен дайындалған. Массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – antique silver, номиналы – 1000 теңге, таралымы – үш мың дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды, - деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.