00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада Әзілхан Нұршайықовқа арналған кітаптың тұсаукесері өтті

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Әзілхан Нұршайықовқа арналған кітаптың тұсаукесері өтті
ашық дереккөз

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Конференцияны Еуразия ұлттық университеті және Қазақстанның бас редакторлар клубы бірлесе ұйымдастырды. Шараға еліміздің, Өзбекстан мен Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми қауымдастық өкілдері белгілі жазушылар, әдебиеттанушылар, филологтар, журналистер қатысты.

Әз-ағамыздың өмірі мен жүріп өткен жолы өнегеге толы. Өмірінің қай кезеңінде болса да,  биік адамгершілік мұрат деген ұстанымына адал болды. Ол майдан жазбалары арқылы Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті дәріптеді, талай ұрпақтың бойтұмарындай болған «Махаббат, қызық мол жылдарда» адал сезімді ту етті, жастарға тек адалдық пен еңбексүйгіштікті өсиеттеді. Қазақ халқының ұлы мұраттарын, асыл қасиеттерін бүгінгі күнге дейін жеткізген, келесі ұрпаққа жалғаған асыл текті ақсақал-абыз еді, – деді ЕҰУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов.

Халық жазушысының майдандағы жазбалары туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы баяндама жасады. Ол Әзілхан Нұршайықовтың майданнан 16 күнделік әкелгенін атап өтті. Оның көзі тірісінде бұл жазбалардың бірінші томы ғана жарық көрді. Қазір екінші бөлімі баспаға дайындалуда.

Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы Әзілхан Нұршайықов адамгершіліктің символы екенін атап өтті.

Сенатор Нұртөре Жүсіп өз сөзінде «Махаббат қызық мол жылдар» романы қолдан-қолға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде берілген санаулы отандық кітаптардың бірі екенін атап өтті.

Конференция аясында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мұратбек Тоқтағазиннің «Замансөз заңғары» кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа жинақта Әзілхан Нұршайықовтың «Өмір өрнектері» атты IV томдық кітабынан үзінділер және әр уақытта баспа беттерінде жарық көрген мақалалары жарық көрді. Автор халық жазушысының қоғам, заман, адам туралы толғауларын оқырманға жеткізуге тырысқан.

Конференцияға қатысушылар Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын журналистика, әдебиеттану, публицистиканың әр аспектісінде талқыға салды.

Сондай-ақ, жазушының кітаптары мен фотосуреттерінен тұратын көрме ұйымдастырылды.