00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр

Астанада халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр
ашық дереккөз

Елордада «Амбулаториялық  кезеңде акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетудегі мультидисциплинарлық тәсіл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Осымен екінші рет ұйымдастырылған шараға  Қазақстанның жетекші қауымдастықтары, отандық және шетелдік сарапшылар шақырылды. Олар акушер-гинеколог, репродуктолог, эмбриолог мамандары, жалпы практика дәрігерлері мен  терапевттермен бірге қазіргі гинекологияға қатысты мәселелерді талқылауда.

Қазіргі таңда елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету жүйесін нығайтуға көп көңіл бөлінуде. Алайда, бастапқы деңгейдегі репродуктивті денсаулықты қорғау теріс тенденциямен сипатталып келеді. Бұған гинекологиялық сырқаттану, ана мен бала өлімінің жоғары жиілігі, сондай-ақ бедеулік жұптардыың жоғарылауы дәлел бола алады.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы, профессор Зайтуна Хамидуллина конференцияның ашылу салтанатында елордадағы бала туу көрсеткіші мен жүкті әйелдерге қызмет көрсету туралы айтып берді.

Бүгінде елордада 730 079 әйел адам тұрады. 2021 жылы 26 701 бала дүниеге келсе, биыл 26 390 бала туылды. Сәби өлімі қала бойынша төмендеген жоқ. Өткен жылы 156 сәби өлімі тіркелсе, биыл 151 сәби шетінеп кетті. Бұған бірнеше себеп бар. Биыл жүкті әйелдердің көші қоны артты. Кейбір әйелдер жүктілікті алдын ала жоспарламағандықтан, денсаулығында кейбір ауру түрлері анықталып жатады. Кейде жүкті әйелдер диагностикалық шаралардан бас тартып жатады. Осы жағдайларға қарамастан елордалық дәрігерлерді ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге барынша ат салысуға шақырамын,- деді профессор Зайтуна Хамидуллина.

Астанада биыл 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған 22 жасөспірім қыз ана атанған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 адамға артық. 

Бүгінде бас қалада акушер-гинеколог, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог мамандарына сәл тапшылық бар. ДДҰ ұсынымдары бойынша «Акушерлік іс» мамандығы бойынша 1 жүкті әйелге 1 акушер маман болуы қажет. Қазіргі таңда елордада 1 акушер маманға 4-8 жүкті әйелге қаралады. Бұл бақылау сапасын төмендетіп келеді.

Сондай-ақ, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы өз баяндамасында алдағы жоспарлармен бөлісті.

Ағымдағы жылы Қобда көшесі мен Абылайхан даңғылының қиылысында ауданы 2,6 га болатын 250 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Қаладағы №3 көпсалалы қалалық ауруханасы апатты ғимаратының орнына 250 төсектік акушерлік блоктың құрылысы жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша  200 медицина қызметкері оқытылды, сондай-ақ шетелде акушер-гинекологтар, жалпы практика дәрігерлері, терапевттер білім алды,- деді профессор Зайтуна Хамидуллина.

Конференцияда әртүрлі аурулар кезінде жүкті әйелдерге антенатальды көмек көрсетудің кешенді тәсілі мен бедеулікті диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілі туралы айталады. Сондай-ақ жетекші мамандар ерлер мен әйелдердің денсаулық жағдайы, аборт және олардың репродуктивті денсаулыққа әсері туралы талқылады

Айта кетейік, Астана Медицина Университеті мен Астана қалалық акушер-гинекологтар Федерациясы бірлесіп ұйымдастырған конференцияға қаладағы медициналық оқу орындарының студенттері де қатысты.