00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалықтар «Тағдыр тақтасы» қойылымын тамашалады

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалықтар «Тағдыр тақтасы» қойылымын тамашалады
ашық дереккөз

Қазақтың театр және кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан өнер тарланы, Қазақстанның Еңбек ері, даңқты актер Асанәлі Әшімұлы биыл мерейлі 85 жасқа толды. Айтулы мерейтойда КСРО халық әртісі  өзі құрған «Жаңа ғасыр» театрымен ел аралап жүр. Театр ұжымының кезекті аялдамасы елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры болды, деп хабарлады Elorda.info.

«Жаңа ғасыр» театрының труппасы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Асанәлі Әшімұлының шеберханасын 2018 жылы тәмамдаған әртістерден құралды.

Астанаға екі күндік гастрольдік сапармен келген өнер ұжымы сапардың алғашқы күнінде көрерменге ақын, драматург Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» қойылымын ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.

Асанәлі Әшімұлы өмір дерегіне негізделген аталмыш қойылым сахнасы шахмат тақтасымен безендірілді. Шахмат тақтасы - мэтрдің тағдыр тақтасы еді. Ақ-қара жолақты тақтада актердің бозбала шағы көрініс табады. Асанәлі Әшімұлының анасы, жары Майра Айманова, қос ұлы Сағи мен Мәди суреттері, уақыт желі үйіріп әкеткен тұлғалар,  Шәкен Айманов, Әзірбайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова бейнелері бірінен соң бірі шыққанда, талай көрерменнің көңіліндегі сағыныш қылы шертілгендей болды.

Спектакль соңында сахнаға Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған А.Қоразбаевтың «Жан балам» әнін шырқап Асанәлі Әшімұлының өзі шығып, залда жиналған қауымға бір ауыз жылы лебізін білдірді.

Өнердің ішінде шауып шыққаны, халыққа көп нәрсе үйреткені - кино мен театр. Ал сол өнердің әртісі үшін халықтың бағасы, қошеметі, құрметінен асқан жоғары баға, марапат, награда жоқ. Халық айтса, қалып айтпайды. Бірақ өнерсіз қоғам ел болып дамымайды. Ал әл-ауқаты мықты елде өнер өшпейді, - деп тебіренді А.Әшімұлы.

Абыз актердің мерейлі жасына арналған кешке ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының директоры Александр Майер, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ­музыкалық-драма театрының режиссері Нұрлан Жұманиязов қатысты.

Абыз да асыл аға Асанәлі  Әшімұлының сексен бес жасы құтты болсын! Ағамыздың өмір толғауына негізделген «Тағдыр тақтасы» қойылымынан толқымаған адам жоқ шығар. Өнерді өмірінен биік қойған тұлғалармен қазақ өнері қалыптасатыны сөзсіз. Қазақтың маңдай алды дараларын жалғап жатқан Сіздей жанның болуы тағдырдың сыйы, - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов өз сөзінде.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қазақ киносы мен қазақ театры өнерінде қайталанбас кесек-кесек бейнелер жасаған  актерді мерейлі жасымен құттықтап, қалалық әкімдіктің атынан шапан жауып, сый-сияпат табыс етті.

Индира Бержанова