Елордада жасөспірімдер арасында қол добынан республикалық турнир өтіп жатыр
Астанадағы «Әль-Фараби» атындағы оқушылар сарайында 2008 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздар командалары арасында қол добынан «Астана кубогы» үшін және ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Ербол Іргебай еске алу мақсатында Республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бәсекенің салтанатты ашылуына қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысты.
Бәрімізге мәлім Ербол Ісләмұлы – Астана мектеп оқушыларының арасында алғаш болып гандбол спорт түрінің дамуына үлес қосқан жандардың бірі. Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектепте секция ашылуына барлық мүмкіндікті жасады. Кейіннен әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында да гандбол секциясы жұмысын бастады. Ербол Іргебай Астана қаласы гандбол федерациясының вице-президенті болған. Бүгінгі күні секция тәрбиеленушілері еліміздің құрама командасында ойнайды. Осындай игі бастаманы қолдап басын бастап кеткен ағамызға ризашылығымызды білдіремін. Осы турнирге Өзбекстан елінен арнайы келген спортшыларға, сонымен қатар Ақмола, Қарағанды секілді облыстардан қатысып отырған командаларға сәттілік тілеймін. Жеңісті күндер коп болсын!, - деді қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Қол добы бәсекесі айналма жүйе бойынша өтеді, онда 8 команда өзара бақ сынайды.
Жарыстың бағдарламасы бойынша 10 желтоқсанға дейін командалар арасында кездесулер өтеді. Ал 11 желтоқсан күні сағат 14:00-ге жарыстың ақтық ойындары мен марапаттау рәсімі жоспарланған.