Оқушының қабілетін қалай анықтауға болады
Ұстаз баланың көңіліне сенімділік орната алса, онда пәнге деген қызығушылығы арта бастайды. Сондықтан мұғалім мен оқушы арасындағы психологиялық күйді жақсартуға тырысуымыз қажет. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Оқушылардың қабілеті мен дарындылығын диагностикалау және дамыту» атты I республикалық психологиялық форумында айтылды, деп хабарлады Elorda.info.
«Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры алғаш рет өткізіп жатқан форум барысында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға-оқытушысы Гүлмира Момбиеваға «Смартфон-гаджеттердің заманында баланың пәнге деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?» деген сауал қойған едік.
Қазіргі кезде кейбір балалар мұғалімнен артық ақпараттарға ие. Өйткені олар барлық тетіктерді біледі. Заманауи гаджеттерді қолдана алады. Тіпті сол тақырып бойынша мұғалімді жолда қалдыруы мүмкін. Ол - жасырын емес. Мұғалімнің басты міндеті – олардың қызығушылын арттыру. Сол тақырыпты оқыту барысында баланың зейінін ашуға арналған материалдарды (ақпараттарды) дұрыс ұсына білу қажет. Мәселен, қазір балаға жаңа тақырыпты сөзбен айтып түсіндіру қызық емес. Сондықтан кей кездері мұғалімге де баланың тілінде сөйлеуге тура келеді. Олардың қолданатын гаджеттерін біз де қолдануымыз керек, - деді ол.
Елімізде «Qabilet» жобасымен баланың қабілетін анықтауға болады. Осы күнге дейін 150 мыңнан астам бала қызметтің арқасында диагностикадан өтіп, өз дарындарын анықтады.
Мектеп жасындағы балаларға 4 «К» қабілеттерін диагностикалау және дамыту әдістемесі күрделі материалдар тәжірибеден мысалдар келтіре отырып, қарапайым тілмен түсіндіріледі. Кез келген ата-ана баласының qabilet.elbasyacademy.kz платформасында «4К» бойынша тест тапсырғанын қадағалай алады. Кейін қай салаға икемі бар екенін біліп, сол бағытта жұмыс істейді, - дейді маман.
Гүлмира Момбиеваның айтуынша, баланың даму динамикасын әрдайым бақылап, бағыт-бағдар берсе, қызығушылығы да одан сайын арта түседі. Тіпті болашақта бала білікті маманға да айналуы мүмкін.
Бұл «4К» бойынша бала сыни ойлауды, креативтілікті, коммуникация және коллаборация яғни XXI ғасырдың дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары мен әдістерін меңгереді.
Бір айта кетерлігі, диагностика қызметін онлайн режимде 10-11 жас аралығындағы мектеп оқушылары тапсыра алады.