Елордада алып бала дүниеге келді
11 қарашада №2 көпбейінді қалалық ауруханасы акушерлік блогында салмағы 5075 грамм, бойы 58 сантиметр болатын алып бала дүниеге келді, деп хабарлады Elorda.info.
Пациент жүкті әйелдер патологиясы бөліміне түсті. Жүктіліктің 41 аптасында толғата бастап, кейін босану блогына ауыстырылды. Босану жоспары Диананың денсаулығын ескере отырып, консервативті түрде болды. Біз баланың басы жамбастың бойымен алға жылжуын бағалап, босану қарқынын қатаң қадағаладық. Табиғи жолмен босанды. Диананың бұл – үшінші мәрте ана атануы, алдыңғы сәбилері де 4500, 4600 граммм салмақпен ірі болып туылған. Анасы да, бала да өздерін жақсы сезінеді, үйлеріне шығуға дайындалуда, - деді акушер-гинеколог дәрігер Динара Іздібаева.
Акушерлік блок дәрігерлеріне, дәрігер Динара Іздібаева мен акушер Сәулеге үлкен алғыс айтамын. Ақ халатты абзал жандардың кәсіби біліктілігінің арқасында бәрі жақсы өтті. Мен өте қуаныштымын әрі ризамын. Осындай кәсіби мамандар көп болсын, жұмыстарыңыз жемісті болсын. Ризашылығымды білдіремін, дәрігерлерге көп рахмет!- пациент Диана.
Айта кетейік, жаңа туған нәрестенің қалыпты салмағы жынысына байланысты: ұлдар үшін 3 400-3 500 грамм, бойы 44,2–55,66 сантиметр, қыздар үшін – 3 200-3 400 грамм, бойы 43,6–54,7 сантиметр. Орташа қалыпты баланың салмағы 2500-ден 4500 грамға дейін деп саналады.