00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Нобель сыйлығының лауреаттары Астанада жастармен кездесті

31 наурыз, 2023
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Нобель сыйлығының лауреаттары Астанада жастармен кездесті
ашық дереккөз

Елордада Нобель сыйлығының лауреаттары жастармен кездесті деп хабарлады Elorda.info Нобель фест баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге арнайы конкурстық іріктеуден өткен Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжанның 14 өкілі жиналды.

Оған 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, SAP Future Hub бас футурологы және басшысы Мартин Везовски, 2021 жылғы жаһандық мұғалім сыйлығының иегері Кейша Торп, U.S. Elite International негізін қалаушы және бас директоры Трейша Торп, сондай-ақ, Comtech Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бас үйлестірушісі доктор Икбал Чоудхари және басқалары қатысты.

Конкурстық іріктеу жеңімпаздарының бірі -  Еуразия ұлттық университетінің үшінші курс студенті Жұлдыз Досболаева.  Ол - болашақ мұғалім және аудармашы.

Менің мақсатым -  ұстаз болу. Мен Nobel Fest фестивалі аясында байқау жеңімпаздарының бірі болғаныма өте қуаныштымын. Мұндай іс-шара келешекте адамның алға қарай дамуына мүмкіндік береді, - деді Жұлдыз.

Ол сондай-ақ іріктеу процесі қалай өткенін баяндап берді.

Мен бейнематериал түсірдім.  Бұл – мотивациялық жұмыс. Бейнеролик «мүмкіндік» сөзінен басталады. Өмірде мүмкіндік бәріне бірдей беріле бермеуі мүмкін.  Мен осы видеоны жасауға бар күш-жігерімді жұмсадым. Ең маңызды сұрақ: «Мен неге Нобель сыйлығының лауреаттарымен таңғы асқа барғым келеді?». Бұл сұраққа жарияланған видеода жүз пайыз жауап бердім Менің бірқатар жетістіктерім бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен әйгілі тұлғалармен кездескім келді. Мысалы, осындай тұлғалардың арасында 2021 жылғы Жаһандық мұғалім сыйлығының иегері болған Кейша Торп та бар. Бәлкім, мен де болашақта сол сыйлықтың иегері болармын. Мен фестивальге үлкен тілекпен келдім, алдыма мақсат қойдым. Ұйымдастырушыларға рақмет айтқым келеді, - деді конкурс жеңімпазы.

Жұлдыз өз армандарымен де бөлісуді ұмытпады.

Менің арманым – әлемдегі ең мықты мұғалімдердің бірі болу. Әлемде оқуға мүмкіндігі жоқ балалар бар. Мен сол балаларға шын жүректен көмектескім келеді. Балалар – болашақ чемпиондар. Ол кезде мен чемпиондар дайындайтын боламын, - деп сөзін түйіндеді ол.

Таңғы асқа Қазақ агротехникалық университетінің төртінші курс студенті Камила Букина  қатысты.

Мен бірнеше кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден өттім. Тиісінше, негізгі талаптардың бірі ағылшын тілін жетік меңгеру болды. Сондай-ақ, студенттік, ғылыми қызметке қатысты сұрақтар қойылды.  Осылайша мен байқаудан өттім.  Мұнда болғаныма өте қуаныштымын. Бұл барлық студенттер үшін жақсы мүмкіндік,- деді К.Букина.

Айта кетейік, Нобель фестивалі елордада 26 қазанда басталды. Ол  28 қазанға дейін жалғасады. Nobel Fest миссиясы  –   ғаламдық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышында қол жетімді ету. Фестивальге жыл сайын

14-тен астам Нобель сыйлығының лауреаттары, 14 «серпіліс» сыйлығының (ғылыми Оскар) иегерлері, әлемдік новаторлар, 155 елден 500 университет қатысады.