«Астана Опера» эксклюзивті спектакльдерін алғаш рет онлайн көрсетеді
18 сәуір мен 10 мамыр аралығында Кеннет Макмилланның хореографиясындағы «Манон», Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?», «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» Ролан Петидің хореографиясындағы «Коппелия» балеттері мен т.б. қойылымдарды алғаш рет TengriTVдан онлайн тамашалауға болады. Бұл туралы Елорда Инфо Астана Операның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Еске салар болсақ, қойылым тобы авторлық құқықтарын шектеуіне байланысты «Астана Опера» театры труппасының орындауындағы осынау спектакльдердің бұған дейін трансляциясы жүргізілмеген еді. Алайда, карантин уақытында онлайн-көрсетілімге рұқсат алынып, енді көрермен аудиториясы әлемдік классика жауһарларын толыққанды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, өзіміз үшін көрнекті композиторлардың әлемін ашып, демалыстарымызды қызықты да танымды ете түсуге болады. В.Моцарт, О.Респиги, Ж.Бизе, П.Чайковский, Дж.Верди және басқа айтулы тұлғалардың шығармаларын «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаевтың «Италиядан келген хаттар» авторлық жобасынан тыңдай аласыздар. Әйгілі дирижердің тағы бір ауқымды жобасы – Г.Малердің № 8 Симфониясы дүние жүзінде зор резонанс тудырды. Еске салар болсақ, оған 1 000-нан астам музыкант қатысқан еді. «А.Вивальди мен А.Пьяццолланың: Жылдың сегіз мезгілі», сондай-ақ К.Орфтың «Кармина Бурана» сынды танымал әрі көпшіліктің сүйікті шығармалары атақты дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Операның» хор және симфониялық оркестр әртістерінің орындауында шырқалады. Жақын арада «Астана Опера» театры тамашалау үшін 14 спектакль ұсынады.