00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада алғаш рет шағын футболдан Seni Cup турнирі өтті

Елордада алғаш рет шағын футболдан Seni Cup турнирі өтті
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында психоневрологиялық ауытқушылығы бар жандар арасында өңірлік футбол жарысы ұйымдастырылды. Үздік команда Алматы қаласында өтетін Республикалық турнирге жолдама алды, деп хабарлады Elorda.info.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу мақсатында әртүрлі әлеуметтік іс-шаралар өткізіледі. Солардың бірі - Seni Cup халықаралық турнирі. Қазақстанда 2017 жылдан бастап өткізіліп жүрген турнирдің басты мақсаты - психоневрологиялық ауытқушылығы бар жандардың бір-бірімен араласып, өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі.

Турнирге Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының ойыншыларынан құралған 9 команда өзара жарысқа түсті.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев әлеуметтік жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті.

Seni Cup турнирін өткізу Латвия және Украина елдерінде басталған. Біздің еліміз де бірнеше жыл қатарынын өткізіліп келеді. Ойындар мен жүлделі орындар арқылы қатысушы тек физикалық түрде дамымай, өзіне деген сенімін арттырып, шексіз мүмкіндігіне сене бастайды. Бүгінгі өңірлік турнирге қатысуға келген барлық ойыншыларға мықты денсаулық пен жеңіс тілеймін, – деді басқарма басшысы.

«Спешиал Олимпикс» Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Ирина Эрзянкина жарысқа бірден 3 команда алып келген.

Бүгінгі шағын футболға біздің облыстан психоневрологиялық интернат үйлерінің тәрбиеленушілерінен құралған үш команда қатысып жатыр. Екі команда 21 жастан асқан ересектерден құралса, бір командада тек жас жеткіншектер ойнайды. Біз осыдан үш жыл бұрын қатысып, бірінші орын алған едік. Польшаға жолдама болды, бірақ карантинге байланысты біз бара алмадық. Бүгінгі жарысқа барлық ойыншылар дайындалып келді, - дейді Ирина Эрзянкина.

«Арлан» командасының қорғаушысы Давыд Крюков 3 жылға жуық шағын турнирге қатысып келеді.

Футболды бұрыннан бері ойнаймын. Бірақ команда болып 3 жылға жуық шағын футбол жарыстарына қатысып келеміз. Ойын тұрақты түрде дайындалмасақ та, бапкеріміздің көмегімен түрлі әдістерді үйреніп келеміз. Біздің командада 7 ойыншы бар,  мен қорғаушы болып ойнадым, - дейді Давыд Крюков.

Шағын футбол қорытындысы бойынша, қарағандылық «Арлан» командасы Алматы қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды. Енді психоневрологиялық ауытқушылығы бар жандардан құралған команда Алматы қаласында шағын футбол ойнайды.

Айта кетейік, психоневрологиялық интернат үйлерінің тәрбиеленушілері арасында өткен спорт жарысында қатысушылардың жас мөлшері мен жынысы ескерілмеді. Ойыншылар 10 минуттан 2 тайм ойнады.