Әскери-медициналық мекемелер төтенше режимге дайын - Қорғаныс министрлігі

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Әскери-медициналық мекемелер төтенше режимге дайын - Қорғаныс министрлігі
ашық дереккөз

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-медициналық қызметі науқастарды қабылдау, емдеу және карантинге дайындау бойынша қосымша шаралар қабылдады. Ол үшін әскери-медициналық мекемелер, қызметкерлер, жабдықтар мен құралдар әзірленді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. Бас әскери клиникалық госпитальдің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі де даярлыққа келтірілді. Ол аталмыш пневмонияның ең күрделі жағдайларын, соның ішінде вирусты жағдайларды емдеуге мүмкіндік беретін заманауи өкпені жасанды желдету құралдарымен жабдықталған. Медициналық жабдықтар өкпенің ауыр жағдайы бар науқастарға диагностика, емдеу мен бақылау жүргізуге, реанимациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бөлімшенің жеке құрамы қажетті қорғаныс құралдарымен және 2-3 дәрежелі қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Күн сайын медициналық мамандарға COVID-19 науқастарының келіп түсуі жағдайында әрекет ету алгоритмі бойынша сабақтар мен арнайы тренингтер өткізіледі. Бұдан бөлек, әскери госпитальдар, лазареттерде дайындалған жұқпалы аурулар бөлімшелеріне қосымша Алматыдан 30 шақырым жерде заманауи мобильді далалық госпиталь ашылды. Госпиталді толық дайындау үшін тек 2,5 тәулік қажет болды. 100 төсек-орынға арналған госпиталь қабылдау, диагностика бөлімшелері, операциялық блоктар, анестезиология, реанимация, эвакуация бөлімшелері, ординаторлық бөлме және дәріханадан тұрады. Мекеме рентгендік тексеру жүргізуге арналған сапалы жабдықтар, өкпені жасанды желдету зертханалары мен құралдарымен жабдықталған. Госпитальде жылыту, ауа баптау жүйелері, тазалық тораптары және жуыну бөлмелері бар. Оның жанында 300 орындық екі ғимарат жөнделіп, карантин кезеңінде пайдалануға дайын тұр. Бұған қоса, 500 орындық шатырлы лагерь ашылып, карантин кезеңінде пайдалануға дайын. «Нұр-Сұлтанда да қосымша резервтік әскери-медициналық қор дайындалды. Елордада екі ғимаратта 160 орын дайындалып, 500 орындық шатырлы лагерь ашылып, науқастарға көмек көрсетуге әзір. Әскери-медициналық қызмет күштері мен құралдары қысқа мерзімде коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған. Әскери дәрігерлер инфекцияның таралу және алдын алу шараларын әзірледі. Олар әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын бақылауда ұстап, басқа мемлекеттік органдарға да көмек көрсетеді», - делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.