Елордалықтар Уимблдон-2022 турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакинаны қарсы алды
Күні кеше ғана алты құрлықты аузына қаратып «Уимблдон-2022» әлемдік теннис турнирінің 23-ракеткасы атанған Елена Рыбакинаның рейсі елордалық әуежайға сағат 23:00-ден кейін қонды.
Әлемдік теннис турнирінің жеңімпазын Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайынан Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев және әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген чемпиондар да құрмет-қошеметпен қарсы алып, гүл шоқтарын сыйлады.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев Еленаны тарихи жеңісімен құттықтап, ризашылықтарын білдірді.
Теннисші өзінің ізін басып келе жатқан болашақ чемпиондарға қолтаңба қалдырды.
Ертең сағат 15:00 Ритз-Карлтонда барлық маңызды сұрақтарыңызға жауап беремін. Келгендеріңізге көп рахмет! - деп қысқа қайырды Е.Рыбакина.
Сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдары – қымыз бен бауырсақтан дәм татып, екі ішекті қасиетті қара домбыраның қоңыр үнінің куәсі болды.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина «Уимблдон-2022» турнирінің жеңімпазы атанды.
Оқи отырыңыз: Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанды
Ойыннан кейін теннисші жеңіс үшін бар күшін салғанын айтып, мықты матч болғанын жеткізді. Сонымен қатар барша жанкүйерлерге алғысын білдірді.
Осы жолы өз өнеріме ризамын, ең бастысы, сапалы ойнадым, - деді ол.
Оқи отырыңыз: Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады