Елорда күні туралы не білеміз
Астана қалай құрылды?
1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілген болатын.
Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Президент астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қояды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен.
Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде тойланып келді.
Кейінірек Парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мейрам 6 шілдеге ауыстырылды.
Астана атауы қанша рет өзгерді
Алғаш қала 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі негізделгенде пайда болды. 1863 жылы Ақмола ресми түрде округтік қала ретінде жарияланып, 1960 жылы еліміздің солтүстік облыстары кіретін тың өлкесінің орталығы болды. 1961 жылға дейін ол Акмолинск, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, ал 1992 жылдан бастап 1998 жылға дейін Ақмола аталып келді.
Астана күні туралы не білеміз?
1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылдары елорда атауына қатысты түрлі ұсыныстар айтылған еді.
Дәл сол күні Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы Жарлық шықты.
2019 жылдың көктемінде елорда атауы тағы өзгерді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын республиканың тұңғыш Президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды.
Тоқаевтың бұл ұсынысын Парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша, 23 наурызда Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.
Елорданың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылатын болды.