00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Алтай Көлгінов елорда тұрғындарын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Алтай Көлгінов елорда тұрғындарын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады
ашық дереккөз

Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет Қарулы Күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілерді жан-жақты қолдауға, әскери саланы дамыту мен жетілдіруге, сол сияқты елдің қорғаныс саласын күшейтуге ерекше көңіл бөледі. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановпен және Ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен бірге «Естелік тақтасын» аштық. Мемориалдық кешен Жеңістің 77 жылдығына орай және Отанымызды қорғап, ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен ішкі істер органдары қызметкерлерінің құрметіне салынды, – деді А. Көлгінов.

Сонымен қатар қала басшысы елордадағы тәртіп сақшыларының жайлы жұмыс істеуі үшін бірқатар шаралар қолға алынып жатқанын айтты.

Өз тарапымыздан қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және қала күзетінде тұрған тәртіп сақшыларының жайлы жұмыс істеуі үшін бірқатар шаралар қабылдаймыз. Біріншіден, жергілікті полиция қызметінің жалақысы көбейеді. Биыл жергілікті полиция қызметі мамандарының жалақысын арттыруды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарында жеке ғимараттар берілді. Ал Есіл ауданы Полиция департаментінің бөлімшелеріне арнап ғимарат салынды. Екіншіден, материалдық-техникалық қамтамасыз ету. Биыл тағы 54 патрульді автокөлік сатып алып, Полиция департаментіне тапсыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек 3 жыл ішінде 140-қа жуық автокөлік, 1600-ге жуық электронды техника сатып алдық. Үшіншіден, «Қадамдық қолжетімділік. Қауіпсіз қала» жобасы. Өткен жылдың басынан бері қала бойынша 10 модульдік және 12 учаскелік полиция пункті орнатылды. Биыл тағы 5 учаскелік пункт жоспарланып отыр. Сонымен қатар камераларға құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл беріледі. Қала тұрғындарымен кездесуімізде аулаларға, қоғамдық орындарға, т.б. тұстарға камера орнатуды сұрайды. Биыл тағы 1,5 мыңға жуық камера орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді әкім.

Аталған шаралардың бәрі қала тұрғындарына жылдам көмек көрсету, құқық бұзушылықтың жолын кесу, оның деңгейін төмендету секілді мәселелерді шешуде септігін тигізеді.

Сіздерді Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман, аспанымыз ашық болсын!, – деп түйіндеді ол.