Елордалық волонтерлер жалғызбасты зейнеткерлерге ауланы қардан тазалауға көмектесуде

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалық волонтерлер жалғызбасты зейнеткерлерге ауланы қардан тазалауға көмектесуде
ашық дереккөз

Жыл басынан бері елорда волонтерлері 80-ге жуық мұқтаж зейнеткерге қар тазалау бойынша көмек көрсетті. Олардың бірі – 72 жастағы Светлана Васильевна. «Анамның көзі тірі кезінде мектептерден үнемі көмекке келетін. Анам қайтыс болғаннан кейін 8 жылдан соң алғаш рет осындай көмек көрсетіліп отыр. Содан бері мен жалғыз өзім тұрамын. Көршілерім де аздап қолғабыс жасайды. Негізінен өзім барлығын істеуге тырысамын. Алайда жас келген сайын бұл шаруаларды істеу оңай емес екен. Бұрын мен волонтерлердің қарттарға көмектесетінін теледидардан ғана көруші едім. Бүгін, міне, маған да қар тазалауға көмектесіп жатыр. Барлығыңызға тек жақсылық, мықты денсаулық, сәттілік тілеймін», – деп Светлана Васильевна өзінің ризашылығын білдірді. Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров атап өткендей, мұндай акциялар жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады, алдағы уақытта да жалғасатын болады. «Біріншіден, баршаңызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Мереке қарсаңында елорда әкімдігінің бастамасымен көмекке мұқтаж азаматтарға моральді және материалды тұрғыда көмек көрсетіп жатырмыз. Осыған байланысты бүгін қар тазалау бойынша акция өткіздік. Біздің мақсатымыз – елорда тұрғындарын қайырымды істермен айналысуға тарту», – деді басқарма басшысы.