Елордалықтардың 67%-дан астамы вакцинаның бірінші компонентін алды
«Қазіргі уақытта қала тұрғындарының 67%-дан астамы КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды. Елорда бойынша 647 мың адам вакцинациялауға жатады. Толық иммундаудан 401 мың азамат өтті», - деді қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов.
Спикердің айтуынша, бүгінде елордада вакцинация пункттері 36 медициналық мекемеде және 5 сауда орталығында орналасқан.
«Жаппай вакциналау басталғаннан бері сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде 100 мыңға жуық азамат екпе алды. Азаматтарды вакцинациялауға 300-ден астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Бұдан басқа, екі апта бұрын қаланың ТЖ вокзалдарында және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында егу пункттері ұйымдастырылған», - деп толықтырды Асхат Оралов.
Ол бұл шаралардың бәрі халыққа екпе алуға ыңғайлы болу үшін қабылданып жатқанын атап өтті.
«Азаматтарды вакцинациядан өтуге ынталандыру мақсатында әкімдік демеушілермен бірлесіп, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда апта сайын екпе алғандар арасында бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізді. Барлығы 22 iPhone12, 8 тоңазытқыш, 6 теледидар, 2 планшет, 6 микротолқынды пеш, 5 принтер, 2 бейнетіркегіш, кір жуғыш машиналар, ақылды техника, ауа ылғалдандырғыш және т.б. ойнатылды», - деп толықтырды ол.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада отандық телеарнаның тікелей эфирінде елордада вакцинацияланғандар арасында екі бөлмелі пәтердің ұтыс ойыны өтті. Оның демеушісі «G-Park» құрылыс компаниясы болды. Жеңімпазға сертификат берілді. Сонымен қатар, тікелей эфирде үш iPhone12, тұрмыстық техника және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылды.