Мониторингтік топ елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтарына рейд жүргізді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Мониторингтік топ елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтарына рейд жүргізді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172115288831914028.webp)
Мониторингтік топ тексерісті алдымен «Азия Парк» СОО-дан бастады. Мамандардың сөзінше, мұнда санитарлық талап, орталық қызметкерлері мен тұтынушылардың бетперде тағуы қатаң қадағаланады. Жұмыс тобы дүкендер мен супермаркетті аралап, фитнес залдың жұмысымен танысты.
"Asia Park" СОО директоры Андрей Чигарев тілшілерге берген сұхбатында сауда, ойын-сауық орталықтың жұмысы туралы айтты.
«Жұмыс уақытын ұзартып, демалыс күндері де жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе екен деп үміттенеміз. Жалпы орталық таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал супермаркет жұмысы 23.00-ге дейін жалғасады. Дәріхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Демалыс күндері тек банк бөлімшесі жұмыс істейді. Ал кинотеатрдың ашылуына рұқсат берілгенге дейін онда жөндеу жұмысы жүргізілуде», - деді ол.
Есіл ауданының учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Мұрат Смағұловтың сөзінше, мұндай рейдтер кәсіпорындарға күнделікті жүргізіледі.
«Тексеріс барысында санитарлық талаптар сақталмағаны, бұзушылықтар анықталса, айыппұлдар салынады. Бірінші құқық қорғау органдарының мамандары бейнежазба сияқты материалдарды жинақтап, оны санэпидстанцияға жібереміз. Одан кейін айыппұл көлемі анықталады. Егер санитарлық талапты бұзған жеке тұлға болса, айыппұл көлемі аздау болады. Ал үлкен мекемелердің айыппұлы көп болуы мүмкін. Жалпы, айыппұл көлемі 80 мың теңгеден 4 млн теңгеге дейін барады. Мысалы, мейрамханаларда адам саны 30-дан аспауға тиіс. Отбасылық мерекелік жиындар болмауы керек. Түнгі клубтардың түнгі сағат 23.00-де жабылуын қадағалаймыз. Сауда, ойын-сауық орталықтарында санитарлық талапты бұзушылық тіркелмеді. Тек түнгі клубтарда талапты орындамаушылық жиі кездеседі. Мысалы, онда адам саны мөлшерден тыс көп әрі жұмыс уақыты тым кешке дейін созылып кетеді. Біз тексеруге барған уақытта 23.00-де іштен есікті жауып алады. Бірақ олардың бұл әрекетін әшкерелеу үшін бізге қызметкерлеріміздің формасын ауыстырып кіргізуге немесе іштен біреу-міреу шыққанын күтуімізге тура келеді», - деді ол.
Тексеріс жүргізіп шыққан соң Есіл ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов "Asia Park" СОО-ның жұмысы туралы айтты.
«Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, біз мұнда коронавирустық инфекцияға қарсы санитарлық әрі профилактикалық ережелердің қалай сақталуын және оны қалай талап етуін көрдік. Басты кіреберісте диамометрияны байқадық. Сонымен қатар кіреберісте дезинфекциялық көрпешелер қойылған. Кілемшелер есіктің көлемімен бірдей болуы керек. Өйткені келушілер сол кілемшені міндетті түрде таптап өтуі тиіс. Мамандар да таптап өтуді талап етуі керек. Жалпы, Есіл ауданы бойынша үш мобилді топ жұмыс істейді. Олардың бірі таңертеңгі 9.00-ден 13.00-ге дейін, екіншісі сағат 21.00-ге дейін, үшіншісі түнгі 2.00-ге дейін тексереді. Олар тексеріске кәсіпорындарға баратынын ескертпей барады», - деді Арман Құрбанов.
Бұл жерден кейін мониторингтік топ «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығына ат басын тіреді. Мұнда да кіреберістен бастап барлық талапқа сай құрылғылар орнатылған. Мамандар да келушілердің қызуы мен олардың бетперде тағып жүруін қадағалайды.
«Хан Шатыр» СОО-ның әкімшісі Темірбек Шоқановтың сөзінше мұнда күнделікті 7-8 мың адам келеді.
«Қаулыға сәйкес, тиісті орындарда арнайы құрылғылар орнатылған. Мысалы, әр лифт пен эскалатордың алдында санитарлық талапты сақтау қажеттігі туралы ақпарат пен антисептик қойылған», - деді Темірбек Шоқанов.
Мониторингтік топ орталықтағы бірқатар дүкендерді аралап, түсіндіру шараларын жүргізді. Сонымен қатар жұмыс тобы әшекей бұйымдарын сататын маманға бетперде толық, мұрнын жабатындай тағуы керектігі жөнінде ескерту жасады.
Бұдан кейін рейд «Керуен», «Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталықтары мен басқа да сауда үйлеріне жалғасты.
https://youtu.be/qM_hgusvkwQ
![Елордалық әкелер одағы ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173919538225400543.webp)
![Елордадан бір түнде 26 мың текше метр қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173918064015040259.webp)
![Астаналық ұстаз пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173917557236848047.webp)
![«Таза Қазақстан»: Елордада «Менің аулам» челленджі басталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173916829040935544.webp)