Елордада «Туберкулезге ЖОҚ де!» акциясы басталды
Акция негізінен Промышленный, Тельман, Күйгенжар, Мичурино, Заречный, Пригородный, Теміржолшылар, Өндіріс, Көктал және т.б. тұрғын аудандары мен сауда орталықтары, қала базарларында, атап айтқанда, "Дәулет", "Артем", "Әлем", "Жаннұр", "Джафар", "Бахус", "Әсем", "Астықжан" сауда орындарында, "Ұлжан", "Биг Шанхай", Орталық, "Қамқор" базарларында және "Еуразия", "Аружан", "Хан Шатыр" сауда-ойын-сауық орталықтарында жүргізіледі. Оны өткізуге жұмылдырылған қалалық фтизиопульмонология орталығы мен БМСК көрсету мекемелеріндегі мамандар жергілікті халыққа жылжымалы флюорографияның келу уақыты және тоқтаған мекенжайын хабарлап отырады. Шараның алғашқы күні жылжымалы медициналық кешен №5 отбасылық денсаулық орталығының ауласына тоқтап, Көктал-1, 2 тұрғын аудандарындағы халықты медициналық қызметпен қамтыды. "Биыл төтеннен келген пандемия медицина саласындағы көптеген шаралардың өту уақытына өзгерістер енгізді. Карантин кезінде, әсіресе осы жылы өткен 9 айда қалада халықтың туберкулезден тексеруден өтуі былтырғыға қарағанда 20%-ға төмендеп кетті. Тексеру азайғасын, сәйкесінше ауруды анықтау деректері де 3 есе кеміді. Сол себепті осы акцияны дәл қазіргі мерзімде өткізуге шешім қабылданды. Жалпы акция жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шара. Бір айда 6 мыңға жуық адамды қамтимыз деп отырмыз. Олардың ішінде коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін деген күмәнді азаматтар болса, тиісті мамандарға жолдайтын боламыз", - дейді қалалық Фтизиопульмонология орталығы директорының Эпидемиологиялық бақылау жөніндегі орынбасары Салтанат Сейтенова. Мамандардың айтуынша, флюорографиялық тексерумен қатар тұрғындар туберкулездің алдын алу мәселелері бойынша да консультация ала алады. Жылжымалы кешен жұмыс күндері 09.00-ден 13.00-ге дейін, демалыс күндері 11.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істейді. "Мен осы маңда тұрамын. Бұл туралы терапевтіміз айтты. Өзіме керек боп жүрген осы тексеру, басқа уақытта болса емханаға барып, кезек күтіп, уақытымызды аламыз. Қазір мына кешен қасымызға кеп тұр екен. Оны ақылы өтер болсаң құны 700 теңге тұрады. Ал бүгін тегін. Нәтижесі келесі күні дайын болады деді", - дейді Көктал-1 тұрғын ауданының тұрғыны Индира Камалова. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қолдауымен флюорографиялық тексеруді тұрақты тұрғылықты орны жоқ азаматтарға да жүргізу жоспарлануда. Мамандар консультациялық көмекті туберкулез бойынша тәуекелдер тобына жататын азаматтарға да қашықтан бере алады.
Райхан Рахметова