Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына ерекше инсталляциялар қойылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына ерекше инсталляциялар қойылды
ашық дереккөз

Әуежайда қойылған инсталляцияның әрқайсысының өзіндік мағынасы бар және ол қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылып көрсетілген.

«2015 жылы БҰҰ саммитінде адамзаттың 17 тұрақты даму мақсаты әзірленді және сол мақсаттарға бірге жету үшін 193 елдің көшбасшылары келісімге келді. Оның қатарында экологиялық проблемалар, климаттың жаһандық өзгеруі, әлеуметтік және гендерлік теңсіздік, XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басында елдер, корпорациялар мен адамдар шиеленісе түскен жүйелі дағдарыстар мен жаһандық сын-тегеуріндер, тағы басқалары бар», - деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Мұқан.

Оның айтуынша, адамзаттың тұрақты дамуында 3 негізгі тепе-теңдік сақталуы тиіс. Ол – экономикалық өсу, әлеуметтік жауапкершілік және экологиялық тепе-теңдік.

«Тұрақты даму – біздің өміріміздің бір бөлігі және ол мақсатқа халықаралық ұйымдар мен елдер ғана емес, әрбір адам жауапты. Біздің бүгінгі үшжақты ынтымақтастығымыз, яғни Экономикалық зерттеулер институты, Қазақстандағы БҰҰ Даму дағдарламасы және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының бірлескен бұл жобасы соның дәлелі», - деді басқарма төрағасының орынбасары.

Негізінен адамдарды қоршаған орта проблемасына назар аударуға шақырған бұл игі шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Экономикалық зерттеулер институтының 60 жылдығы және елорда әуежайының 90 жылдығына арналып отыр.