Банктер қазақшаға қашан бет бұрады?
Басында біздің сөзімізге сенбеген банк өкілдері өз компьютерінен тексеріп көрген соң барып, бұл шындыққа көздері жетті. «Кешірім өтінеміз, біз бұл мәселені банк басшыларына жеткіземіз. Бұл техникалық ағаттықты бұрын байқамаппыз. Қазірше сіз орысша нұсқасын пайдалана беріңіз, орысша білмесеңіз, біз көмектесейік» деп жылп-жылп етеді. «Мен неге Қазақстанда тұрып, орысшамен жұмыс істеуім керек? Сіздерде мемлекеттік тіл деген ұғым жоқ па? Сонда сендер менен бұрын қазақшасын істетіп көрмедіңдер ме?» десем, «иә, байқамаппыз, онлайн банк іске қосылғанына біраз уақыт болса да, бірде-бір адам қазақшасын пайдаланып көрмеген болып тұр. Демек, сіз онлайн банктің қазақ тіліндегі нұсқасын пайдаланып, қателігін байқаған бірінші адам болып тұрсыз» деп жауап қайырғанда, күлерімді де, жыларымды білмей дал болдым. Қазақ елінде орысшасы пайдаланылмады десе, жөнге де, жосынға да сыйымды еді ғой. Бірақ біздің елде мүлде керісінше, қазақ елінде қазақ тілі пайдаланылмайтын болып тұр. Содан бері 2 ай уақыт өтті. «Бәрін қатырамыз» деген халық банкінің қызметкерлері ештеңені де шешкен жоқ. Әлгі қателік сол беті тұр. Қайта-қайта барып, күн сайын қоңырау шалып, мен өзім шаршайын дедім. Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, орыс тілі әлі тұғырдан түспей, қазақ тілі өгей баланың күйін кешіп тұр. Халықтың орыс тіліне тілі де, ділі де үйреніп кеткені соншалық, қолындағы телефонының тілінен тартып, барлық құрылғылардың тілдік жүйесін орысшаға туралайды. Банкке, халыққа қызмет көрсету орталығына, мейлі қайда барса да, барлық құжаттарды орысша толтырып кете береді. Сосын да шығар сайттардан тартып, терминалдарға дейін бірінші орынға орысшаны қойып қойған. Қазақ тілін керек қылсаң, сипалап жүріп өзің туралауға мәжбүрсің. Ұят болса да айтайын, Қазақстанға келгеніме 4 жылға таяса да, банкоматтардан қазақ тілін таңдап, құрылғыны қазақша қызмет көрсетуге туралаған бір қазақты көрген жоқпын. Тек шетелден келген қандастар ғана қашан көрсең «қазақшасы қайда екен?» деп, қазақ тілінің батырмасын басып жатады. Мұны «олар орысша білмеген соң солай істейді» деп түсінбеген дұрыс. Біле білген адамға мұның арғы жағында қазақ тіліне деген үлкен құрмет жатыр. Кезінде Қытайдың Үрімжі қаласындағы банкоматтарға ұйғыр тілін енгізді. Сол кезде қытай тілін суша сапыратын ұйғырлар қашан көрсең қытай тілін емес, ұйғыр тілін таңдап жатады. «Оныңыз не?» десек, «өз тіліңді құрметтеу – осындай кішкентай істерден басталады» деп жауап беретін. Бізде міне, осы рух кемшін. Сосын да Қазақстан халық банкінің қателігін қазірге дейін бір қазақ байқамаған. Сосын да «Альфа банк» сияқты қазақтың ақшасы жақсы, тілі жаман деп түсінетін ресейлік банктер осы елде пайда тауып отырып, электронды қызмет өтеу жүйелеріне қазақ тілін қоспаған. Қарапайым халық қазақ тілін батыл талап етпеген соң, қазақ тілінен гөрі орыс тілін оңтайлы көретін мекеме көп. Содан барып қазақ тілін түсінбеген халық тағы да орысшасын қарауға мәжбүр болады. Ал оны қадағалап, барлық жерде қазақ тілінің аудармасына ден қойып отырған құзырлы орган жоқ. Бар сенген тіл комитетінің де қауқары болмай тұр. Сол мекеменің қазақ тілінің мүддесін қорғап, қазақ тілін белден басқан бір орынға ескерту жасап жатқанын естіген емеспіз. Осыдан аз жыл бұрын Қазыбек Иса «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға» әлеуметтік желі арқылы қол қойдырып, дауыс жинады. Басында «екі күнде 10 миллион дауыс жиналатын шығар» деп ойлағанмын. Бірақ жиналған дауыстың апта бойы неше мыңнан аспай тұрғанын көргенде басыма «қазақ тіліне қазақтардың да жаны ашымай ма?» деген ой келді. Демек, Қазақстанда қазақ тілінің өгей баланың күйін кешуіне билік ғана емес, қарапайым халық та кінәлі. Яғни Қазақстанда «қазақ пен қазақ орысша сөйлескен намыс» деген идея пайда болмай, қазақ тілінің еңсесі ешқашан көтерілмейді. Әрине, жалғыз Қазақстан халық банкінің ғана емес, еліміздегі кез келген мекеменің қазақ тіліндегі қызмет өтеу жүйесі қалт-құлт етіп, әрең тұр. Қайсы орынға барып, «маған пәлен құжат керек еді» десең, орысша жазып қолыңа ұстады. «неге орысша, қазақшасы қайда?» десең, «басында қазақша керек деп бірден айтпадыңыз ба?» деп ренжиді. Бірақ олар қазақ елінде тұрып, «қазақшасы керек еді» деген сөздің өзі үлкен ұят екенін білмейді. Өткенде көлігімді бір қазақ жігіті қағып кетіп, жол полициясы «заң бойынша шешеміз» деп, істі сотқа жіберді. Бірақ соттың шешімі түгел орысша келді. Содан сот қызметкеріне хабарласып, «көлігімді соққан қазақ, мен де қазақпын. Келіп хаттама толтырып, сотқа жіберген де қазақ жігіті. Сот та сіз де, хатшы да қазақ екен, неге қазақша жазбадыңыздар?» десем, «сіз ең басында маған «соттың шешімі қазақ тілінде келсін» деп, ескертуіңіз керек еді. Енді сізге қазақшасы керек болса, өтініш жазыңыз, қазақша нұсқасы 15 күнде дайын болады» дейді міз бақпай. «Қазақ елінде тұрып, қазаққа қазақша жазып бер деп өтініш айтудың өзі ұят емес пе?» десем, «несі ұят?» деп, иығын қиқаң еткізді. Қолымды сілтедім де кеттім. Шын мәнінде әрбір мекеме, әрқандай орын, мейлі қандай нәрсе жазып шығарса да, алдымен қазақ тілінде жазып шығаруы керек еді. Қазақ тілін түсінбейтіндер болса, «маған орысшасы керек еді» деп талап етсе орынды. Бірақ бізде мүлде керісінше. Халық банкіндегі «қызықтан» кейін Еуразия банктің онлайн жүйесін сынап көрдік. Оларда мұндай техникалық ақау жоқ болғанымен, желілік жүйесі қазақ тіліндегі «ү, ғ, ң» әріптерін танымайтын болып шықты. Яғни Еуразия банктің онлайн жүйесін қолданам десең, қазақ тілінің төл дыбыстары дұрыс көрінбейді. Банк қызметкерлерінен «бұл қалай?» десек, «бізден сенен басқа қазақ олай сұрамайды» деген сыңай танытты. Қазақстанның салық жүйесі жеке кәсіпкерлерді кіріс-шығысын бақылау үшін соңғы жылдары 1С жүйесін енгізді. Ресейдің мамандары жасаған бұл жүйеде – қазақ тілі атымен жоқ. Тек орыс тілінде ғана жұмыс жасайды. Ресми емес деректерге қарағанда, еліміздің салық комитеті алдағы жылдарда серіктестік, шаруа қожалығы сынды кәсіп ашқан кәсіпкерлерді осы жүйеге тіркеліп, кіріс-шығысын анық көрсетіп отыруға міндеттемек көрінеді. Бірақ бұл жүйенің де қазақшасы жоқ. Орысша дым білмейтін, біз сияқты азаматтар не істейміз? Демек, біз латынға көшеміз десек, алдымен мемлекеттік тілдің беделін көтеруге күш салуымыз шарт. Былайша айтқанда, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық салада айналымға түсуі тиіс. Кейбір орындар құжаттардың қазақшасын дайындағанымен, мүлде түсініксіз. Яғни алдымен орысша жазып, кейін қазақшаға аударған мәтінді түсіну өте қиын. Бұл әсіресе, дәрі-дәрмектер мен техникалық жабдықтардың сыртына жапсырған түсіндірмеден көп байқалады. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, сыбай-салтаң аударған аударманың көбі Google-дың автоматты жүйесінен шыққандай, шым-шытырық түсініксіз. Қазір Қазақстанда латынға көшу жұмысы, әсіресе, әліпби мәселесі өзекті тақырып ретінде қызу талқыланып жатыр. Ұзақ болашақтан алып қарағанда, бұл өте дұрыс қадам. Бірақ қазіргідей қазақ тілі «Еліміздегі екінші деңгейдегі тіл» болып тұрған кезде, бірден латынға көшу «орыс тілінде оқып, орыс тілінде жазатындардың қатарын қайта көбейтеді» деген сөздің де жаны бар. Өйткені көзін ашқалы кирилл қарпімен бірге жасасып келе жатқан ағайынның көбі – қазірдің өзінде сол кирилл әріпімен қазақша жазғаннан орысша жаза салғанды дұрыс көретінін ескерсек, «ертең жаңа әліпби қолданысқа енсе, жаңа жазуды басынан қәріптеп отырғанша, үйренген орысшам жақсы» деуі әбден мүмкін. Демек, біз латынға көшеміз десек, алдымен мемлекеттік тілдің беделін көтеруге күш салуымыз шарт. Былайша айтқанда, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық салада «айналымға» түсуі тиіс. Бірақ құр сөзбен немесе бір министрліктің қолға алуымен бітетін жұмыс емес. Біздіңше, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін арнаулы жұмыс тобы құрылуы тиіс. Ал ол жұмыс тобын Президент тікелей басқарып, әр жұмысын қадағалап отырса ғана өнімді жұмыс жүргізеді. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жұмысы да сол жұмыс тобының атсалысуымен шешілуі тиіс. Әйтпегенде, «баяғы жартас – бір жартас» болып, ештеңе өзгермейді. Биыл еліміз тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтың саны да 70 пайызға жуықтады. Тіпті одан да асып түскен болуы мүмкін. Жаңа тәуелсіздік алған кезде қазақ тілін бірден тұғырына мінгізуге санамыз жеткенімен, санымыз жетпей, әліптің артын бақтық. Енді қазір бәрі оңалды. Қазақстанда тұрып жатқан басқа этникалық топтар да «Қазақстанның иесі қазақ, мемлекет тілі – қазақ тілі» екенін толық мойындайды. Енді биліктің де мемлекет тілді күшейту шараларын қолға алатын кезі келді. Өйткені тіл тәуелсіз болмай, сана да тәуелсіз болмайды.