Жәрмеңке: Азық-түлік бағасы нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жәрмеңке: Азық-түлік бағасы нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен
ашық дереккөз

Жәрмеңкеде отандық өнімдер әдеттегідей нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағада сатылуда. "Жылқы еті мен қазының бағасы –  2 100 теңге. Бұл баға тұрғындарға қолжетімді деп ойлаймын. Өйткені қазіргі таңда еттің бағасы қымбат. Фермерлер де арзанға сатқысы келмейді. Мысалы, біз ет өнімін Нұр-Сұлтаннан 60 шақырым қашықтағы шаруашылықтан әкелеміз. Сатып жатқан өнімдеріміз көптің көңілінен шығады деген сенімдеміз", – деді саудагер Гауһар Жантыбаева.  Үнемі жәрмеңкеден азық-түлік сатып алатын елордалықтардың басым көпшлігі өнімдердің бағасы мен сапасы көңілден шығатынын айтады. "Қыстың алдында осындай жәрмеңкелер жиі болып тұрады. Бұл қалтамызға өте қолайлы. Мысалы, картоптың келісін 110 теңгеден сатып алдым. Осындағы сауда дүкендеріне қарағанда мұндағы баға едәуір тиімді. Осындай жәрмеңке жиі болып тұрса біз тек қуанамыз. Сатушылардың қызметтері де көңілімнен шықты", – деді қала тұрғыны Рустем Мыңасаров Айта кетсек, жәрмеңкеге келушілер үшін карантин талабын сақтауға қолайлы жағдай жасалған. Санитайзерлер орнатылған. Сонымен қатар азық-түлікті тасылмалдайтын арбалар тегін ұсынылады. "Мұнда азық-түлік бағасы арзан болғаны үшін келдік. Мәселен, сиыр етін 1 700 теңгеден сатып алдым. Бір жақсысы азық-түлікті тасуға арналған арбаны құжат тапсыру арқылы тегін алуға болады. Себебі көп өнім сатып алсаңыз, оны көтеріп жүру қиын. Ал арбамен өте ыңғайлы. Ол үшін тағы да рақмет айтқым келеді. Жалпы, мұның бәрі тұрғындар үшін жасалып жатқан игі шара ғой. Елордамызда осындай жәрмеңкелер жиі болып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді", – деді зейнеткер Қайролла Кәрімұлы. Жәрмеңкеде сиыр еті 1 700 теңгеден, жылқы еті 2 100 теңгеден, картоп 80 теңгеден, ал қызанақ пен қияр 400-450 теңгеден саудалануда. Жалпы, онда ет, сүт өнімдерін, жеміс-жидек пен көкеністерді және басқа да ауылшаруашылық табиғи таза өнімдерді сатып алуға болады.

Алтын Салық