00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұлттық банк жаңа банкнотқа қатысты мәлімдеме жасады

24 қазан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұлттық банк жаңа банкнотқа қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Ұлттық Банктен

Қазақстан Ұлттық банкінің Орталық филиалы (Астана қаласы) Қазақстан Ұлттық банкі 2024 жылғы 28 маусымнан бастап 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналды құны 10 000 теңгелік банкноттың қолма-қол ақша айналымында жүргенін еске салады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бұл «Сақ стилі» жаңа сериясынан екінші банкнота. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Ескі үлгідегі барлық банкноттар біртіндеп айналымнан алынады. Тиісінше, банкноттар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейдегі банктердегі немесе Қазақстан Ұлттық банкі филиалдарындағы жаңа банкноттарға дербес айырбастаудың қажеті жоқ. 

Қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін барлық банктер мен Қазпочта ескі үлгідегі банкноттарды 3 жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноттарға, ал Қазақстан Ұлттық банкі филиалдары мерзімсіз айырбастайтын болады.

«Жаңа үлгідегі (2024 жылғы) және ескі үлгідегі (2012 жылғы) банкноталар айналымда қатар жүретін кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оларды атаулы құнына қарай қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.