Қарағандыда робот-ит қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыр

Бүгін, 15:21
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қарағандыда робот-ит  қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыр
Фото: видеодан скриншот/Polisia.kz

Қарағанды қаласында қоғамдық орындарды патрульдеу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында қолданылатын робот-ит пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Заманауи құрылғы бейнебақылау және бейнеталдау жүйелерімен жабдықталған. Атап айтқанда, ол тұлғаларды тану, іздеуде жүрген және хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтау үшін ақпараттық дерекқорлар бойынша тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар кешен автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тіркеп, алынған ақпаратты операторларға жібере алады.

Тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істеу үшін робот шаммен, жарық сигналдарымен және дауыс зорайтқышпен жабдықталған. Сондай-ақ ол патрульдеу аумағында әртүрлі жылдамдық режимдерінде қозғала алады.

Сынақ жұмыстары Қарағанды қаласының Орталық саябағында өткізілді және қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды. Тестілеу кезеңінің қорытындысы бойынша технологияның тиімділігі мен оны одан әрі қолдану мүмкіндігі бағаланады.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда қоғамдық қауіпсіздікті робот-иттер күзететіні туралы жаздық.