350 жұмыс орны сақталды: Жамбылда инвестордың құқығы қорғалды
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысындағы ірі цемент зауытының – сингапурлық инвестордың құқығын қорғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Комитетке инвесторлар кәсіпорынға электр энергиясын жеткізуді шектеген энергия тасымалдаушы ұйымның әрекеттеріне қатысты шағыммен жүгінді. Аталған шаралар өндірістік процестің тоқтап қалу қаупін тудырып, инвестициялық жобаның іске асырылуына теріс әсер етуі мүмкін еді.
Цемент зауыты 2024 жылы сингапурлық инвесторлардың қатысуымен салынған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 73 млрд теңгені құрады, нәтижесінде 350 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Комитеттің үйлестіруімен мемлекеттік энергетикалық қадағалау саласындағы уәкілетті орган жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде энергия тасымалдаушы ұйымның әрекеттері негізсіз деп танылып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпорынның электрмен жабдықталуы өндірістік процесті толық жүргізуге қажетті көлемде қалпына келтірілді. Бұл зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтауға және инвестициялық жобаны одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Инвесторлардың құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілеріне жедел ден қою Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Әкімшілік кедергілерге немесе инвестициялық жобаларды іске асыру барысында заңсыз араласуға тап болған, құқығы бұзылған инвесторлар 115 Call-орталығына жүгіне алады.