Елордалық мектеп жанындағы лагерьде «Заң мен тәртіп» қағидалары түсіндірілді

Бүгін, 13:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық мектеп жанындағы лагерьде «Заң мен тәртіп» қағидалары түсіндірілді
Фото: Elordainfo.kz

Астана қаласындағы №72 мектеп-лицейі жанындағы «Балдырған-2026» лагерінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негізінде кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Кездесуге Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, «Сарайшық» ауданы Полиция басқармасының өкілдері және осы аудан бойынша «Әкелер одағы» филиалының төрағасы қатысты. 

Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы өкілінің айтуынша, елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында 110-нан астам іс-шара өткізіліп, 35 мыңға жуық оқушы қамтылған.

«Лагерь жұмысының екінші маусымы 15 маусым күні басталды. Оның аясында «Заң мен тәртіп әлемі» тақырыбындағы сурет көрмелері ұйымдастырылып, оған 3,5 мыңнан астам оқушы қатысты. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған дәрістер, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша интерактивті сабақтар өткізілуде. Жалпы екінші маусымда 90-нан астам іс-шара ұйымдастырылып, 47 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланған.
Балалардың жазғы демалысы кезеңіндегі қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауда», - деді Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Тәрбие жұмысы бойынша координация және ұйымдастыру бөлімінің әдіскері Эльвира Ибраева.

Соның ішінде №72 мектеп-лицейінде биылғы оқу жылында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында белсенді жұмыс атқарылып отыр. 

«Біздің мектебіміз «Сарайшық» ауданының болашақ прокурорлары» клубына енгізілді. 12 оқушыдан құралған «Болашақ прокурорлар» жобасы қалалық іс-шаралардан жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, мектебіміздің басты прокуроры Жәнібек Советов мектеп оқушыларына ай сайын дәріс оқып,  Quiz ойындарын ұйымдастырды. Бұған қоса мектебімізде прокуратура өкілі Роза Садық жұмыс жасап, есепте тұрған, тәртібі түзетуді қажет ететін оқушыларға дәріс өткізді. Жалпы, мектебімізде ювеналдық полициямен тығыз байланыста іс-шаралар жүргізіліп отырады», - деді мектептің тәрбие жөніндегі орынбасары Жанар Көппаева.

Іс-шара қонағы, «Сарайшық» ауданы бойынша «Әкелер одағы» филиалының төрағасы Ардақ Саржанов жазғы лагерьді аяқтап жатқан балаларға әр мектепте құрылған Әкелер кеңесінің қызметін түсіндіріп, сондай-ақ, мемлекетіміздің «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты бағдарламалары жөнінде сұхбаттасты.

«Сарайшық» ауданы Полиция басқармасының бөлім басшысы, полиция подполковнигі Нұрлан Бапанов балаларға мектеп пен қоғамда өзін ұстау ережелері, өрттен сақтану мен судағы қауіпсіздік жағдайларын баяндады.  Сондай-ақ, «Заң мен тәртіп» қағидаларын түсіндіріп,  жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың салдары туралы айтып берді.

Айта кетейік, іс-шара барысында балалардың құқықтық білімдерін тексеру мақсатында зияткерлік Quiz ойнатылды.