Үкіметте Инвестициялық штабтың жаңа форматтағы алғашқы отырысы өтті
Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялық штабтың жаңа форматтағы бірінші отырысы өтті. Бұл туралы Elorda.info Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Еске сала кетейік, осы жылдың желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Инвестициялар тарту жөніндегі кеңеске (Инвестициялық штабқа) ерекше өкілеттіктер беретін Жарлыққа қол қойды.
Отырысты аша отырып, Роман Скляр инвестициялық штаб мүшелерінің алдына қойылған басты міндет инвестициялық жобаларды жедел түрде іске асыру және жалпы инвестицияларды тарту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру екенін атап өтті.
Инвестициялық штабтың негізгі міндеттерінің бірі – барлық деңгейдегі инвестициялық жобалардың проблемалық мәселелерін шешу. Ол үшін қажетті құралдар мен өкілеттіктердің барлығы бар, — деді бірінші вице-премьер.
Сонымен қатар Р. Скляр орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері үшін жауапкершілігі арттырылғанын айтып өтті.
Отырыс барысында Инвестициялық штаб қызметінің жаңа тәсілдері қаралып, нақты инвестициялық жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Роман Скляр инвесторлардың барлық проблемалық мәселесін қысқа мерзімде шешу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға бірқатар қажетті тапсырма берді.