00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті

16 мамыр, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунды қабылдады, деп хабарлады Elorda.info Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтарды екі ел үкіметтерінің іске асыру барысы талқыланды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі және солай болып қала береді. Сонымен қатар ҚХР-мен екіжақты қарым-қатынасты мүлде жаңа деңгейге көтеру еліміз үшін маңызды басымдық саналады.

Қазақcтан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктестігі мен мәңгілік достығы ұдайы дамып келеді. Біз болашаққа сеніммен қараймыз. Мұны ерекше атап өту керек. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі бойынша көш бастап тұрған Қытай – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 40 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Біз мұны 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа қол жеткізуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Лю Гочжун Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Қытай халқының сыралғы әрі ізгі ниетті досы ретінде Сіз осы жылдар ішінде Қытай мен Қазақстан қатынастарының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Мұны қытай тарапы жоғары бағалайды. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз қуатты, гүлденген Жаңа Қазақстанды құру жолында ілгерілей беретініне сенімдімін. Қытай мен Қазақстан – тату көршілер, сенімді серіктестер әрі бір-бірін толықтыратын достас елдер, – деді Лю Гочжун.

Кездесу барысында сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика және туризм салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.